×

Ресейден қашқан компаниялар «Астана» қаржы орталығына орналаса ала ма?

Ақпаннан бері АХҚО-ға Ресейден 15 компания келіп тіркелген

 Бауыржан Мұқанов 29.06.2022 | 19:38
фото: ашық дереккөзден

«Астана» халықаралық қаржы орталығының Басқарушысы Қайрат Келімбетов ақпарат құралдары өкілдеріне берген сұхбатында санкциялардың қаржы орталығы жұмысына әсері туралы айтты.

«Санкциялар бүгін ғана пайда болған нәрсе емес. 2014 жылы Қырымдағы жағдайдан кейін де батыстың санкциясы болды. Менің ойымша сол кезден бері банк секторы оңай бейімделе білді. Мәселен, қазір Қазақстанда ешқандай да банк санкцияға іліккен бизнеспен жұмыс істемейді. Бұл «Астана» қаржы орталығындағы банктерге де қатысты. Біз қаржы орталығы бұл тәртіпті сақтаймыз», деді Қайрат Келімбетов.

Қаржы орталығы басшысының мәліметінше, қазіргі таңда орталықта 1400-ге жуық компания тіркелген. Әрқайсысы туралы мағлұмат ашық. Әр компанияның ең соңғы бенефициары кім екенін оп-оңай көруге болады.

«Екінші жағынан, Президент әрқашан бейтарап позиция ұстанатынымызды айтады. Барлық сауда серіктестерімізден жақсы қарым-қатынаста болу бізге үлкен мүмкіндік. Біз аймақтың транзиттік хабына айнала аламыз», деді АХҚО басшысы.

Ресей компанияларының шетелге көшуіне келер болсақ, олар Қазақстанға ең алдымен Астана хаб үшін көшіп жатыр. Өйткені, Ресейден келіп жатқан компаниялардың дені IT саласында. Бұл туралы Цифрлық даму және аэроғарыш министрі Бағдат Мусин де айтқан еді. Министрдің мәліметінше, бүгінге дейін Қазақстанға көшіп келген ресейлік IT компаниялардың арасында Plaurich, Tinkoff Bank, Nexters, Indriver, Мутона, Type Type, Lever Travel, Red Mad Robot секілді технологиялық компаниялар бар.

Қаржы орталығы басшысының айтуынша, 2021 жылдың желтоқсан айында АХҚО-да Ресейден 82 компания болса, биыл ақпаннан бері жаңадан 15 компания келіп қосылған. Жаңадан қосылғандардың барлығы IT саласындағы компаниялар.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама