×

«Салықтан жалтару үшін емес». Келімбетов кей компаниялардың офшорға кету себебін айтты

Кайман аралдарынан Қазақстанға бір компания қайтып келді

 Бауыржан Мұқанов 29.06.2022 | 19:09
фото: ашық дереккөзден

Мемлекет басшысы «Самұрық-Қазына» қорына кіретін ұлттық компаниялар мен «Бәйтерек» холдингіне кіретін қаржы институттарының алдына шетелдегі компанияларды «Астана» халықаралық қаржы орталығының юрисдикциясына әкелу туралы міндеттеме қойған еді. 

«Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Қайрат Келімбетов осы бағыттағы жұмыстардың қалай жүріп жатқаны туралы журналистердің сұрағына жауап берді. Ол қазақстандық компаниялардың офшорға кетуінің себебін Қазақстанда ұйымдастырушылық-құқықтық форманың кейбір түрлерінің болмауымен түсіндіреді.

Қазақстандық компаниялардың Люксембург, Нидерланды, Кайман аралдары секілді жерлерге барып тіркелуі салықтан жалтару емес, біздің елімізде қор, инвестициялық қор мен траст секілді кейбір ұйымдастырушылық-құқықтық форма жоқ. Дегенмен, қазір бізде қосымша юрисдикция АХҚО бар. Мұнда ағылшын заңы жұмыс істейді. Сол үшін біз АХҚО юрисдикциясына көшуге болатынын түсіндіре алдық, дейді Қайрат Келімбетов.

Келімбетовтың айтуынша, әзірге жалғыз компания офшордан Қазақстанға қайтып келген. Ол «ҚазМұнайГаз»-ға қарасты сақтандыру компаниясы. Бұған дейін Кайман аралдарында тіркелген екен.

Сонымен қатар Қайрат Келімбетов қаржы орталығының өзін өзі қашан ақтайтыны туралы айтты.

Соңғы жылдары «Астана» халықаралық қаржы орталығына бюджеттен ақша қысқарды. 2021 жылы «Астана» халықаралық қаржы орталығының қатысушы компаниялары 13,5 млрд теңге салық төледі. Осылайша, алғаш рет бюджеттен алған ақшадан төлеген салық көп болды, деді Қайрат Келімбетов.

Deloitte аудиторлық компаниясының есебінше, 2026 жылға дейін қаржы орталығы республикалық бюджеттен бүгінге дейін бөлінген қаражатты қайтарумен болады. 2026 жылдан бастап «плюске» шығуына мүмкіндік бар.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама