×

«Бидайдың тоннасы – 180 мың теңге»: Петропавлдың ірі диірмендері жұмысын тоқтатты

Енді баяғы баға қайта келмейді

 Еркеғали Болатұлы 29.06.2022 | 10:18
фото: ашық дереккөз

Петропавлдың Ауғанстанды тұтастай ұнмен қамтамасыз етіп келген ірі диірмендері 3 айдан бері тұралап тұр. Себебі өңірде бидайдың бағасы тым шарықтап, 1 тоннасы 180 мың теңгеге дейін жеткен.

Әлемде ұн экспорты бойынша 2-орында тұрған еліміз енді үздіктердің қатарында болмауы мүмкін. Өйткені Ресей бидай экспортын доғарған соң, Қазақстанда да астық құны күрт қымбаттап кетті. Соның салдарынан кәсіпорындар арзан шикізатқа қол жеткізе алмай қалған.

«Ресейлік астық Қазақстандікімен салыстырғанда 10-15 мыңға арзандау болды. Теріскейдегі көршіміз экспортты жапқан соң, біздің диқандар былтыр жиналған бидайдың құнын себепсіз көтеріп жіберді. Қазір бидайдың тоннасы 160-180 мың теңгенің аралығында саудаланып жатыр. Ал ұнның бағасы шетел нарықтарында 185 мыңнан сатылуда. 5 теңге айырмашылық біздің шығынды ақтамайды», - дейді «Астана» телеарнасына пікір білдірген диірменнің коммерциялық директоры Таисия Коллегова.

Ал шаруалар бидайдың бағасын шығын көп болған соң амалсыз көтергендерін алға тартып отыр.

«Қазір мемлекет субсидияны аямай төлеп жатыр. Дизельдік отынды да төмендетілген бағамен ұсынады. Бірақ техниканың бөлшектеріне деген баға соңғы уақытта 2 есе қымбаттады. Ал тыңайтқыштардың құны геосаяси тұрақсыздықтың салдарынан 50 ппайызға көтерілді. Осының барлығы астық бағасының шарықтауына әкеп соқты. Бұл нарық талабы. Ешкім қымбатшылықты қолдан жасап отырған жоқ», - дейді Олег Адам есімді диқан.

Сондай-ақ Қазақстан бидай одағының ресми өкілі Евгений Карабанов та астықтың қымбаттауы қалыпты жағдай екенін меңзеді. Оның айтуынша, былтыр қуаңшылық салдарынан бізде егін аз жиналған. Шаруалар біразын сатып, азғантай бөлігін ғана сақтап қалған.

«Осыған дейін отандық бидай экспортқа шығарылды. Ал жергілікті диірмендер ресейлік арзан бидайдың арқасында пайда көріп отырды. Қазір ресейлік экспорт болмаған соң, ішкі бидайға сұраныс артып, баға көтерілді. Бұл уақытша құбылыс деп ойлаймын. Жақын арада жағдай тұрақталады», - дейді сарапшы.

Оның айтуынша, енді баяғы баға қайта келмейді. Себебі қымбатшылық қазір тек Қазақстанды ғана емес, әлем елдерін қыспаққа алып тұр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама