Ал прокуратура контрабанда елге көп залал тигізіп, нарықтағы бәсекелестіктің дамуына кедергі келтіреді деп отыр
Депутаттар контрабанда импорты үшін жауапкершілікті шектеуді және қылмыстық жауапкершілікті алып тастауды сұрады. Бас прокурор Берік Асылов «Ақжол» фракциясының Парламент ратификациялаған 2011 жылғы 8 желтоқсандағы шарт шеңберінде алынған халықаралық міндеттемелердің орындалмау себептеріне қатысты депутаттық сауалына жауап берді.
Келісім Еуразиялық экономикалық қоғамдастыққа қатысушы елдер арасында кеден заңнамасын бұзғаны үшін қылмыстық және әкімшілік жауапкершілік ерекшеліктерін қарастырды. «Ақжол» партиясының депутаттары Қазақстан ЕАЭО шеңберінде бірыңғай кедендік аумаққа кіретінін атап өтті.
Еуропаның көптеген жетекші елдерінде тауар контрабандасы қылмыстық құқықбұзушылық ретінде емес, салықтар мен кедендік алымдарды төлеуден жалтару үшін қаржылық құқықбұзушылық ретінде қарастырылады және мұндай құқықбұзушылықтар үшін қылмыстық емес, қаржылық жазалар қолданылады, – деп атап өтті депутаттар.
Берік Асылов өз жауабында кедендік реттеу мәселесінде елдердің заңнамасын біріздендіру жөніндегі тиісті іс-шаралар Еуразиялық экономикалық интеграцияны дамытудың 2025 жылға дейінгі стратегиялық бағыттарын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарында көзделгенін хабарлады.
Ведомство контрабанда және кедендік баждарды төлеуден жалтару елге көп залал тигізіп, нарықтағы бәсекелестіктің дамуына кедергі келтіреді деген пікірді ұстанады.
Бұл ретте, 2021 жылдың күзінен бастап Қазақстанда ҚК-нің 234 және 236-баптары бойынша қылмыстық жауаптылықты ажырату жөнінде ұсыныстар әзірленіп жатыр. Бас прокуратура «Атамекен» ҰКП-ның экономикалық контрабанда белгісінде тек тыйым салынған және өткізуге шектелген тауарларды, сондай-ақ оларға қатысты ЕАЭО кедендік шекарасы арқылы өткізудің арнайы ережелері белгіленген тауарларды қалдырудың орындылығы туралы ұсынысын қолдады.