«Бұл аз»: Бақыт Сұлтанов бюджеттен экспорт үшін 54 млрд теңге сұрады
Мұнда күмәнді ештеңе жоқ, әр теңгенің тиімділігі өте жоғары дейді
Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов қазақстандық экспортты дамытуға және ілгерілетуге сұраған 54 млрд теңге ел қазынасына үлкен табыс әкелетініне сендірді.
Журналистердің сұрағына жауап берген ол 54 млрд теңге 1 емес, 3 жылға есептелгенін түсіндірді. Олар экспорттаушыларды қолдауға, маркетингтік зерттеулерге, нарықты, өнімдер мен мамандарды дайындауға жұмсалады.
Бұл аз. Өйткені оның тиімділігі өте жоғары. Мысалы, егер өткен жылы біз шамамен 8,5 млрд теңге жұмсасақ, онда осы экспорттаушыларды ілгерілету есебінен шамамен 200, дәлірек айтқанда 178 млн доллар экспорттық келісімшарттар жасалды. Бұл жыл сайын 67 млрд теңгеге жуық экспорттаушылардың бюджетке табыс әкелуіне алып келеді. Мұнда күмәнді ештеңе жоқ. Әр теңгенің тиімділігі өте жоғары, – деді министр.
Оның айтуынша, осы бағдарлама аясында Қазақстан алғаш рет Бангладешке авиацияға арналған жаттығу кешендерін жеткізе бастаған.