Қостанай облысындағы шпалы шіріген шойынжолдарда жүздеген вагон жылжымай қалды
Сөйтіп 37 жолдағы қозғалыс тоқтаған
Қазір Қостанай облысында 37 жол бұғатталып, 300 вагон (96-сы жүкпен) қаңтарылып тұр. Ал оның иелері шығынға ұшырап жатыр. Оған кірме жолдар жағдайының тым нашар болғаны – басты себеп.
«Астана» телеарнасының тілшісіне темір жол жүк тасымалымен айналысатын жергілікті кәсіпкерлер әуелі көліктік бақылау инспекциясынан хат ала бастағандарын айтқан. Мемлекеттік мекеме оларға кірме жолдарды пайдалануды тоқтата тұру туралы хабарлама жіберген. Өйткені жолдардың жағдайы көңіл көншітпейді-міс. Сөйтіп 37 жолдағы қозғалыс тоқтаған.
Екі айдың ішінде шпал шіріп кеуті мүмкін бе? Онда олардың жағдайы тәуір деген құжатқа кім қол қойды? Қол қойғандар қатары көп, - дейді диірмен өкілі Валентин Беспалов.
Тек Арқалық станциясында қаңтарылған қалың вагон иелеріне 4 миллион теңге айыппұл төлеу міндеттелген. Ал сын көтермейтін жолдарды енді «Қазақстан темір жолы» АҚ жөнге келтіреміз деп отыр. Бірақ оларда маман да, ресурс та жоқ. Сондықтан кәсіпкерлер әлі де қалтасынан қағыла түспек.
Қандай негізде тексеру кестесі енгізілді деген сұрақ туындап отыр. Сондықтан көліктік бақылау инспекциясы мен «ЦТС» акционерлік қоғамына байланысты мәселелерді зерделейміз, - дейді жергілікті көлік прокуратурасының прокуроры Темірлан Рахымжанов.
Бұл мәселеге қазір «Атамекен» ҰКП араласа бастады. Олар орталық аппаратқа хат жолдап, қаңтарылған қалың вагонның айыппұл мәселесін тиісті компаниялармен шешпек ниетте.