«Санкцияның астында қалуымыз мүмкін». Қаржыгерлер рубльдің көбею салдарын түсіндірді
Біз қазір Ресей азаматтарын қамтамасыз етіп отырмыз
Өткен аптаның соңында Ұлттық банк рубль құнының неге өсіп бара жатқанына қатысты түсініктеме берген еді. Бас банктің мәлімдеуіне қарасақ, теңге мен рубльдің долларға қатысты жеке-жеке бағасы қалай қалыптасатыны рубль мен теңгенің арақатынасын да айқындайтынын білдіреді. Ал рубль әлемдік нарықта долларға қатысты нығайып келеді, сондықтан рубль/теңге бағамының өсуі жалғасып жатыр деген еді хабарламада. ҰБ есебінше, маусым басталғалы рубль долларға қатысты шамамен 15%-ға нығайған.
Бүгін түс қайта KASE-де рубль құны 8,6 теңгемен жабылды. Қазіргі жағдайда рубльдің әдепкі 5-6 теңге деңгейінен осынша қымбаттауына қатысты сарапшылар түрлі пікір айтады. Сонау 2015 жылы 3 теңгеге дейін төмендегенде қазақстандықтар жаппай Ресейге барып, жер, көлік, үй, пәтер сатып алған-ды.
Экономист Сапарбай Жобаев енді сол нәрсенің бүгінде кері қайталанып жатқанын айтады. Енді біздің өнімдерімізге сұраныс көбейіп, Ресей өнімдеріне азайған. Оның пікірінше, рубльдің күшеюі Ресей экономикасын шектейді, өте теріс әсер етеді. Бізден енді тауарды алып кетсе, оған қайғырудың қажеті жоқ деген ойда. Себебі, ол біздің экспортымыз. Бізден қаншалық Ресейге көп экспортталса, соғұрлым жақсы бола түспек.
Ал доллар мәселесіне келсек, оларда долларға айырбастау шектелген. Сондықтан рублін бізге өткізіп, кейін Қазақстанның ішінде доллар алып жатыр. Бұл мәселені біздің Ұлттық банк біледі. Ресейдің рублін теңгеге ауыстыру комиссиясын өте үлкен етіп қойған. Сондықтан бізге анау айтқандай зияны жоқ, дейді сарапшы.
Жалпы, қазір нарықта рубльге қатысты екіұдай пікір қалыптасқанын қаржыгер Жалғасбек Ақболат айтады. Айталық, егер рубльді көбірек алмастырса, бізде бағасы түсуі керек еді. Бірақ, олай болып жатқан жоқ. Ал долларға келгенде ақша айырбастау көп өсіп кеткен. Соның ықпалынан құны 10 күн ішінде 30 теңгеге дейін қымбаттап отыр.
Сайып келгенде, Ресей азаматтарының көптеп келуі ішкі нарықтағы сұранысты арттырып жіберді. Яғни, ақша бізге көптеп келіп, нарығымызда айналып жатыр.
Дегенмен, халықтың тұрғысынан қарайтын болсақ, мәселен, баспана нарығын алайық, ресейліктер көптеп сатып алып жатыр. Өйткені, рубльге не долларға шаққан кезде қалтасына ауыр соқпайды. Соның салдарынан бізде қымбатшылық басталып жатыр. Тіпті, жалға алудың өзі қымбаттап кеткенін көріп отырмыз. Оның арты бағаның одан әрі қымбаттауына әкеледі, дейді сарапшы.
Екіншіден, Ресей азаматтарының банктерімізде банк карталарын емін-еркін көптеп аша беретін болса, онда біз санкцияның астында қалып қоюымыз мүмкін екеніне меңзейді. Өйткені, біз Ресей азаматтарын қамтамасыз етіп жатырмыз. Ондайда шет мемлекеттер біздің банктеріміздің активтерін бұғаттап тастауы мүмкін дегенді айтады.