×

«Самұрық-Қазына» мемлекеттік аудит органдарына банк құпиясын ашуға міндеттелді

«Зерде» АҚ және «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ холдингтері де осындай шешімдер қабылдады

көрнекі фото: ашық дереккөзден

Есеп комитеті мемлекеттік қаражаттың тиімділігіне бағалау жүргізу кезінде мемлекеттік аудит органдары үшін банк құпиясына қол жеткізу құқығын нормативтік бекіту мәселесін бірнеше рет көтерді. Ведомствоның бұл ұстанымы Мемлекет басшысы тарапынан қолдау тапқан.

Осыған орай, 2022 жылғы 13 қаңтарда «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ мемлекеттік аудит органдарына банк құпиясын ашуға мемлекеттік қолдау алатын тұлғалардан келісім алу қағидаларын қабылдады.

Бұл құжат Ұлттық қор мен республикалық бюджет қаражатын қоса алғанда, мемлекеттік қаражатты пайдаланудың ашықтығын арттыруға бағытталған, - делінген Есеп комитетінің хабарламасында.

Осыған сәйкес Қор тобының компаниялары мен олардың контрагенттері мемлекеттік қолдау алған кезде мемлекеттік аудит органдарына банк құпияны ашуға тиіс.

Бұған дейін «Зерде» АҚ және «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ холдингтері де осындай шешімдер қабылдады.

Еске салайық, 11 қаңтарда өткен Мәжілістің пленарлық отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Самұрық-Қазына» қорының қызметін толығымен трансформациялау қажет екенін айтты.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама