Halyq Uni логотип
×

Шетелдік инвесторлар қазақстандық компанияларды Ресейдікі деп ойлайды - KASE

Қазақстандық компаниялар Ресейдің «кесірінен» инвестициядан қағылып жатыр

 Бауыржан Мұқанов 24.06.2022 | 10:55
Шетелдік инвесторлар қазақстандық компанияларды Ресейдікі деп ойлайды -  KASE
Фото: kase.kz

Украинадағы соғыс қазақстандық бизнеске де кесірін тигізді. Атап айтқанда, қазақстандық компаниялардың акциясы арзандап, биржадағы құны төмендеді. Кей компаниялардың бизнесі Ресеймен байланысты болғандықтан зардап шексе, кейбірінің Ресейге мүлде қатысы болмаса да құны құлдырады.

ҚАЗАҚСТАНДЫҚ КОМПАНИЯЛАРДЫҢ АКЦИЯЛАРЫ КҮРТ ҚҰЛДЫРАДЫ

Мәселен, 2020 жылдың қазанында IPO-ға 41,95 доллармен шыққан Kaspi.kz 2021 жылдың жазында тұрақты түрде кемі 110 долларға саудаланды. Күзге таман компанияның акциясы тіпті 140 доллардан асып кеткені есімізде. Айналасы жарты жылдың ішінде 3 есе қымбаттаған бұл компания Қазақстан деңгейінде ғана емес, жалпы Лондон қор биржасындағы ең сәтті IPO-лардың бірі ретінде бағаланды. Дегенмен, өткен жылдың соңынан бастап Kaspi.kz акциясы үздіксіз арзандай берді. Ақпанның соңында соғыс басталғаннан кейін тіпті құлдырап, 29 наурызда 47,20 долларға барып тоқтады. Содан бері үш айға жуық уақытта айтарлықтай өзгермей, бүгін 52 доллардан саудаланып жатыр.

Халық банкі Kaspi.kz секілді құлдырамағанымен, ақпанның 24-і күні 150 теңгеге жетер-жетпес бағаға саудаланып, Айналасы бір аптаның ішінде 110 теңгеден төмен түсіп кетті. Алайда, наурыздың екінші аптасына қарай 125 теңгеден асып, қазір шамамен 115 теңгенің айналасында саудаланып жатыр.

24 ақпан күні 35 мың теңге айналасында саудаланған Қазақтелеком акциялары ертеңінде 30 мыңнан да түсіп кетті. Қазір тіпті 26 мың шамасында ғана. ҚазТрансОйл компаниясының қағазы да 24 ақпанда 1000 теңгенің үстінде болған. Қазір 650 теңге шамасында. Сол секілді KCELL акциясы 1680 теңгеден 1075 теңгеге, KEGOC акциясы 1855 теңгеден 1612 теңгеге арзандады.

Жалпы, үш айға жуық уақытта KASE индексі шамамен 3700-ден қазір 2700-ге дейін төмендеді.

БАТЫС ИНВЕСТОРЛАРЫ ҚАЗАҚСТАНДЫ РЕСЕЙМЕН БАЙЛАНЫСТЫРАДЫ

Украинадағы соғыстың Ресей мен оның көршілес елдерін былай қойғанда, жалпы әлем экономикасы үшін кесірі болғаны белгілі. Дегенмен қазақстандық компаниялардың жоғарыда көрсетілгендей жаппай құлдырауының себептерінің бірі – шетелдік инвесторлар қазақстандық компанияларды Ресейдікі деп ойлауында. Бұл туралы KASE Басқарма төрағасының орынбасары Андрей Цалюк айтты.

Ресейге қарсы санкциялардан кейін Лондон биржасында сатылатын қазақстандық компаниялардың акциялары мен оларға шығарылған депозитарлық қолхаттар арзандады. Өйткені батыс инвесторлары қазақстандық компаниялардың акцияларын сата бастады. Нәтижесінде олардың Қазақстан қор биржасындағы құны да арзандап кетті. Бұл бірінші кезекте психологиялық фактор. Бізді (Қазақстан бизнесін – ред.) батыс инвесторлары Ресеймен байланыстырады. Нәтижесінде Kaspi.kz, Халық банк пен Қазатомпром акциялары құлдырап кетті, дейді Андрей Цалюк.

Компаниялардың акцияларының арзандауы, спикердің айтуынша, объективті көрсеткіш емес. Өйткені, әр компанияның қаржылық көрсеткіштеріне қарайтын болсақ, акциялары осыншалықты арзандайтындай нашар емес.

ҚОР НАРЫҒЫН ҚҰТҚАРУҒА ДА САЯСИ ЕРІК КЕРЕК

Жоғарыда айтылғандай, 24 ақпаннан бастап қазақстандық бизнестің бағалы қағаздары жаппай «құлай» бастады. Бағаның құлдырауы шамамен мамыр айының ортасына дейін жалғасты. Мамыр айының ортасынан бастап тұрақталды. Оның себебі бірінші кезекте Қазақстан билігінің санкцияларға қарсы ресми ұстанымы.

Сәуір айының басында Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары Тимур Сүлейменов Брюссельге барып, Қазақстанның Ресей мен Беларуське салынған санкцияны қатаң ұстайтынын мәлімдеген еді. Сонымен қатар, Ресей бизнесінінің Қазақстан арқылы санкцияны айналып өтуіне жол бермейтінін жеткізді. Артынша Президент бастап, өзге де мемлекеттік органдардың осы мазмұндағы мәлімдемелерінен кейін инвесторлардың қаупі сейілгендей болды. Нәтижесінде қазақстандық компаниялардың акциялары да тұрақтала бастады.

ҰЛТТЫҚ БАНКТІҢ САЯСАТЫ ҚОР НАРЫҒЫНА ҚОСЫМША СОҚҚЫ БОЛЫП ТИДІ

Құнды қағаздар нарығының құлдырауына тағы бір себеп Ұлттық компанияның базалық мөлшерлемені көтеру туралы шешімі.  Андрей Цалюктің айтуынша, базалық мөлшерлеме 14 пайызға көтерілгеннен кейін бірқатар инвесторлар биржадағы құнды қағаздарын сатып ақшаларын депозитке салып қойған болуы да мүмкін. Өйткені, құнды қағаздардың табыстылығы депозиттің пайызынан аз болып қалды.

Бұл әсіресе мемлекеттік бағалы қағаздар нарығында байқалды. Ұлттық банк базалық мөлшерлемені көтергенде Қаржы министрлігі өзінің бағалы қағаздарының да пайызын көтеруі керек болады. Яғни, базалық мөлшерлеме төмен болғанда облигация сатып алған инвестор енді сол облигацияны төмен бағаға сату керек болады. Алайда, жаңадан облигация сатып алушы инвесторлар үшін бұл тиімді, өйткені пайызы жоғары, дейді KASE Басқарма төрағасының орынбасары.

Қалай дегенде де, 2022 жылдың алғашқы жарты жылы Қазақстан қор биржасы үшін оңай болмай тұр. 2021 жылдың қаңтар-мамыр айларымен салыстырғанда биылғы алғашқы бес айда қор нарығындағы акция саудасы 81,7 пайыз төмендеп, 62 млрд теңгені құрады. Корпоративті облигациялар саудасы 54,4 пайыз азайып, 488,7 млрд теңге болса, инвестициялық қорлардың бағалы қағаздарының саудасы да 79,8 пайыз құлдырап 4,4 млрд теңге ғана болды.

Осылайша, санкциялардан кейін батыс инвесторлары қазақстан компанияларының акциясын сатып, нәтижесінде олардың бағасы түсті. Дегенмен, мамыр айының ортасынан бастап нарық қалпына келіп, қазір инвесторлар қайта сатып ала бастады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама