Премьер: Біз үшін ең басты мақсат – халықтың табысын арттыру
Әлихан Смайылов елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайды тұрақтандыру жөніндегі жедел іс-қимыл жоспарын ұсынды
Жоспар жобасында қауіпсіздікке, азаматтар мен бизнес субъектілерін жан-жақты қолдауға және елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайды тез арада тұрақтандыруға арналған бірқатар шұғыл және қысқа мерзімді шара қамтылған.
Жоспарды іске асыру барысында, бірінші кезекте, қаза тапқан азаматтардың отбасы мен зардап шеккендерге көмек көрсетіледі. Сондай-ақ күштік құрылымдар мен азаматтық қорғау органдарының қызметкерлеріне де тиісті мемлекеттік қолдау көрсетілетін болады. Жоспардағы Ішкі істер министрлігіне қатысты тармақтың барлығы өте маңызды әрі олар сапалы және жедел орындалуы тиіс, – деді үкімет отырысында ол.
Жаппай тәртіпсіздік салдарынан зардап шеккен азаматтар мен заңды тұлғалардың банктік қарыздары мен микрокредиттерін өтеу мерзімі төтенше жағдай аяқталғанша шегерілді. «Атамекен» палатасы мародерліктен зардап шеккен бизнес субъектілерінің тізілімін жасады. Жаппай тәртіпсіздік салдарын жою жөніндегі үкіметтік және өңірлік комиссиялар жұмысын аяқтағаннан кейін республикалық және жергілікті бюджеттерден шығынды өтеу үшін тиісті қаражат бөлінеді. Сонымен қатар бизнеске түскен ауыртпалықты азайту үшін 2022 жылғы 1 ақпанға дейін мемлекеттік кіріс органдарының салықтық және кедендік тексерулері мен камералдық бақылау хабарламаларын беру уақытша тоқтатылады.
«Атамекен» палатасымен бірге Халықтың табысын арттыру бағдарламасын әзірлеп, қабылдау жоспарланып отыр. Біз үшін ең басты мақсат –халықтың табысын арттыру. Кез келген жоспар, кез келген бағдарлама бірінші кезекте, халықтың табысын арттыруға бағытталуы тиіс. Басқарудың барлық деңгейінде жұмыстың тиімділігі дәл осы көрсеткіш бойынша бағаланады, – деді премьер-министр.
Жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейін төмендету үшін «Жастар практикасы» және «Алғашқы жұмыс орны» жобалары аясында жалақы мөлшері мен жобаларға қатысу мерзімі ұлғаяды. «Қазақстан халқына» қоғамдық әлеуметтік қоры мұқтаж балаларға заманауи және қымбат тұратын медициналық қызметтер мен дәрі-дәрмек алуына мүмкіндік береді.
Жалпы, бұл жоспардың іске асырылуы қаңтар оқиғаларынан кейін елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайды жедел қалыпқа келтіруді қамтамасыз етеді. Егер сұрақтарыңыз болмаса, жедел іс-қимыл жоспары жобасын мақұлдауды ұсынамын. Мемлекеттік органдардың бірінші басшылары мен әкімдерге аталған жоспардағы іс-шаралардың орындалуын жеке бақылауға алуды тапсырамын. Бақыт Тұрлыханұлы, жалпы бақылау және үйлестіру сізге жүктеледі, – деді Смайылов.