Тоқаев Үкімет пен мемлекеттік комиссиядан ұсыныс күтеді
11 қаңтарда өткен Мәжілістің пленарлық отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Самұрық-Қазына» қорының қызметін толығымен трансформациялау қажет екенін айтты.
Президенттің айтуынша, бүгінде бұл қордың активі еліміздің ішкі жалпы өнімінің 60 процентіне жуықтайды.
Яғни, осы ұйымның тиімді қызметі бүкіл экономикамызды өркендетуге тікелей әсер етеді. Қордың инфрақұрылымдық компаниялары экономикамыздың барлық дерлік секторын айқындайды. Осы тұста қор өзінің негізгі міндетін орындап отыр ма? Яғни, ұлттық байлықты еселей алды ма? деген орынды сұрақ туындайды. Қомақты жалақы алатын қызметкерлері, директорлар кеңесі немен айналысады?, - деді Президент.
Президент баспасөз хатшысы Берік Уәли бүгін «Самұрық-Қазына» қорының қызметіне қатысты Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірін тағы да жариялады.
Қордың портфельді компаниялары – ұлттық экономиканың жүйе құраушы құрылымдары. Сондықтан қазір экономиканы құрылымдық жағынан қайта құру және ресурстарды ел игілігіне бағыттау жөніндегі міндеттердің орындалуы қордың жұмысына байланысты.
Мемлекет басшысының пікірінше, Үкімет, ең алдымен, тым көп басқару құрылымдарын қысқартумен айналысуы керек. Сонымен қатар мемлекет пен халықтың мүддесіне бағытталған табыстарды арттыру үшін «Самұрық-Қазына» мен Үкімет арасындағы өзара қатынастардың сипатын өзгерту қажет.
Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтен экономиканың негізгі салаларында шынайы бәсекеге негізделген орта қалыптастыруды және қор мен ұлттық компаниялардың сатып алу жүйелерінің ашықтығын қамтамасыз етуді талап етті.
Президенттің пікірінше, мемлекет экономикаға көп араласа бермеуі керек және осы тұрғыда «Самұрық-Қазына» қорының активтерін жекешелендіру ісін жандандыруы қажет.
Осыған орай жекешелендіру кезінде ашықтықты сақтау маңызды. Онсыз экономиканы құрылымдық тұрғыдан қайта құру мүмкін емес. Президент Үкіметтен және Жекешелендіру жөніндегі мемлекеттік комиссиядан нақты ұсыныстар мен іс-әрекеттер күтеді, - деп жазды Президент баспасөз хатшысы Берік Уәли.