Қазақстан ЕАЭО-да бағаның өсуі бойынша көш бастады
Ресейде бір жылда азық-түлік тауарлары мен алкогольсіз сусындар 22%-ға қымбаттаған
Биыл мамырда Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақта (ЕАЭО) бағаның өсу көрсеткіші бойынша көш бастады, деп хабарлайды Ұлттық статистика бюросы.
2022 жылғы мамырда сәуірмен салыстырғанда тұтыну бағаларының индексі Қазақстанда – 101,4%, Беларусьте – 100,7%, Қырғызстанда – 100,3%, Армения мен Ресейде 100,1% болды, - деп жазылған хабарламада.
Бюро мәліметінше, биыл мамырда ЕАЭО-ға мүше елдерде жылдық инфляция Ресейде – 17,1%, Беларусьте – 17%, Қазақстанда және Қырғызстанда – 14%, Арменияда – 9% деңгейінде.
Тамақ өнімдері мен алкогольсіз сусындар бір жылда Ресейде – 22%-ға, алкоголь мен темекі Беларусьте – 17%-ға, ал тұрғын үй шаруашылығы тарифтері 14%-ға қымбаттаған.