Halyq Uni логотип
×

Иран мен Әзірбайжан Ресей транзитін алмастыра ала ма?

Бүгінге дейін Ресей біздің Еуропаға жалғыз есігіміз болып келді

 Бауыржан Мұқанов 20.06.2022 | 17:29
Иран мен Әзірбайжан Ресей транзитін алмастыра ала ма?
Фото: Halyq Uni

Кеше ресми сапары барысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Тегеранда Қазақстаннан шыққан жүк пойызын салтанатты түрде күтіп алып, Түркияға аттандырды. Бұл Қазақстаннан Еуропаға жүк тасымалының жаңа дәлізі болмақ.

ТРАНСКАСПИЙ ДӘЛІЗІНІҢ ӘЛЕУЕТІ ЖЕТЕ МЕ?

Ресейге қарсы санкциялар мен сауда жолдарының жабылуынан кейін Қазақстан баламалы жолдар іздей бастады. Бірінші кезекте Ақтау портынан Бакуге, ары қарай Грузия арқылы Түркияға тасымалды көбейтуге мүдделі. Президенттің мамыр айындағы Түркияға сапарының нәтижесінде Транскаспий халықаралық көлік бағдарын дамыту бойынша декларацияға қол қойылды. Декларация шеңберінде «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағы базасында сауда флотын толықтыру мен контейнер хабын құру жоспарланған.

Оның алдында, Украинадағы соғыс бастала салысымен министр Қайырбек Өскенбаев Грузияға барыпғ сол елдің Экономика және тұрақты даму министрі Леван Давиташвилимен жолықты. Кездесуде өзге салалармен қатар транзит мәселесі де сөз болып, алдағы уақытта Қазақстанның өзінен және Қытайдан келетін жүк көлемінің артатынын айтты.

Тиісті ведомство басшылығы бұдан кейін Бакуге барып та осы мәселені пысықтады. Онда да екеуара сауда, соның ішінде транзит мәселесін талқылады.

ЭКСПОРТТЫҚ КЕЛІСІМШАРТТАРЫМЫЗ РЕСЕЙДІҢ МҮДДЕСІНЕ САЙ ЖАСАЛЫП КЕЛДІ

Жалпы, Транскаспий дәлізі 2000 жылдардың басынан бері күн тәртібінде тұрған, алайда оны бастауға ешбір елдің батылы жетпеген жоба еді. Себебі Ресей қарсы. Еуропа мен Қытай және Орта Азия ортасында Ресей жаңа Жібек жолының қақпасы болып қалмақ еді. Алайда енді халықаралық саудадан біржола шеттетілгеннен кейін көнбеске амал жоқ. Дей тұрғанмен, қазір саяси кедергілер болмаса да Транскаспий дәлізін Еуропаға қақпа ретінде қалыптасуы қиын. Сарапшы Айбар Олжаевтың айтуынша, сыртқы саудада Қазақстан бүгінге дейін Ресейдің көңіліне қарап келген.

Жалпы бұған дейін Ресей ешқандай санкцияға ілікпей тұрғанда соның аумағынан Еуропаға тауар мен шикізат жеткізу біз үшін өте тиімді болып келді. Себебі логистикасы жылдар бойы ұшталып, жақсы жолға қойылған болатын. Біз Ресейдің темір жолдарын да, порттарын да жақсы пайдаландық. Бірақ ешкім риск-менеджментпен айналыспады. Ресейдің көңіліне көп қарадық және экспорттық келісімшарттарымыздың барлығы Ресейдің геосаяси мүддесін ескеріп жасалғаны білінеді, - дейді Айбар Олжаев.

Оның айтуынша, 2008-2013 жылдары Қазақстан үлкен стратегиялық қателік жіберген. Қазақстан өзі бастамашыл топқа енген, келіссөзге қол қойған Баку-Тбилиси-Джейхан құбыр жүйесін бір сөзбен айтқанда «лақтырып» кеттік.

«Баку-Тбилиси-Джейхан құбыр жүйесінде Қазақстан (Қашаған) мұнайы мен Әзірбайжан мұнайы араласып, Түркияның Джейхан портына жетіп, одан әрі танкерлермен Еуропаға тасылуға тиіс еді. Біз оның орнына жұмыс істеп тұрған Каспий Құбыр консорциумының қуатын кеңейтуге инвестиция салдық та, Қашағанның бар мұнайын сол құбырға бере салдық. Осы шешімге Кремльдің араласқаны жасырын емес», дейді.

Енді Баку-Тбилиси-Джейханға қайта оралуға мүмкіндік бар ма? Сарапшының пікірінше, технологиялық жағынан алсақ, БТД-ның жылдық тасымалдау қуаты 60 млн тонна екенін ескерсек, және Әзірбайжанның ол арқылы шамамен 30 млн тоннаға жетпейтін мұнай экспорттап отырғанын қоссақ, бізге ол құбырдан жылына кем дегенде 20-25 млн тоннаға орын бар.

ИРАН – БІЗ ҮШІН ЕУРОПАҒА АШЫЛҒАН ҚАҚПА

Президенттің Тегеранға жасаған кешегі сапарына орайластырып Қазақстаннан Түркіменстан арқылы Иранға, ары қарай Түркияға жүк пойызы аттанды. «Қазақстан Темір Жолы» АҚ ұлттық компаниясына қарасты «KTZ Express» компаниясы ұйымдастырған контейнерлік пойыз Иранға 12 күн жүріп барған. Қазақстан мен Иран арасында қол қойылған құжаттардың арасында темір жол тасымалын бірлесе ұйымдастыру және Қазақстаннан келетін жүктердің тарифіне жеңілдік беру қарастырылған. Соған қарағанда бұл дәліз де тұрақты және ұзақмерзімді болады деп жоспарланып отыр.

Сонымен қатар, мұнай саласында да әріптестік туралы құжаттарға қол қойылды. Атап айтқанда «ҚазМұнайГаз» АҚ ұлттық компаниясы мен Иран ұлттық мұнай компаниясы арасында да өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Иранға жасаған сапарындағы негізгі мәселе - дәл осы мұнай экспорты екенін сезіп отырмын. Қол қойған құжаттардың арасында ең маңыздысы – ҚазМұнайГаз мен Иран ұлттық мұнай компаниясы арасындағы өзара меморандум. Екі жақ қарсы болмаса, меморандумды нақты келісімшартқа айналдыру қиын емес, – дейді сарапашы.

ҚАЗІРГІ БАҒЫТЫМЫЗ – ЛОГИСТИКАЛЫҚ ДИВЕРСИФИКАЦИЯ

Айбар Олжаевтың айтуынша, Қазақстан тарапы Иран мен Түркіменстанмен дұрыстап келісу арқылы құрлықтан оңтүстік дәліз ашпақ.

«Бұған дейін біз Ресейді Еуропаға шығатын есік деп санап, бар күшімізді солтүстік дәлізге салдық. Енді сол есіктің жабылып қалғанын көріп отырмыз. Біз егер ұтымды қимылдай алсақ, Түркіменстан-Иран-Түркия оңтүстік дәлізі арқылы құрлықпен бір транзиттік жол, Әзірбайжан-Түркия-Еуропа Транскаспий теңіз дәлізін аша аламыз.

Қазір Қытайдың да Ресей арқылы өтетін транзитіне балама іздеп отырғанын, «Бір белдеу, бір жол» жобасын одан әрі дамытуға мүдделі екенін ескерсек, Қытай бізге қолдау білдіретіні анық. Жалпы, Қазақстан үшін көп нәрсенің бұдан былай Ресейге емес, Қытайға байланысты екенін Президенттің Петербордағы месседжінен байқадық. Біз Оңтүстік дәліз арқылы толық Солтүстік дәлізді ауыстыра алмаймыз. Бірақ екеуін теңестірсек те, бұл біз үшін үлкен жетістік болады. Және бұл ретте, Ресей бізбен санаса бастап, халықаралық саудамызға түрлі себептермен кедергі келтіруі қоятын еді. Бір сөзбен айтқанда – біздің қазіргі бағытымыз логистикалық диверсификация. Дәл қазір ол экономикалық пайда әкелмесе де, бастысы тәуекелдерді азайтатын болады», – дейді сарапшы.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама