×

Қазақ-қытай шекарасында тәртіп орнап келеді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қытаймен шекарада бейберекетсіздік орнағанын мәлімдеген болатын

 Дәурен Ерболат 20.06.2022 | 10:46
фото: taxhaven2017.com

Премьер-министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев Қазақстан мен Қытай шекарасы арасындағы статистикалық деректердегі алшақтықтар 40,5%-ға дейін төмендегенін айтты, деп хабарлайды Halyq Unі тілшісі.

Оның айтуынша, Үкімет салық базасын кеңейту жұмысын жүйелі түрде жүргізеді.

Мәселен соңғы 3 жылдың өзінде салықтық және кедендік әкімшілендіру мен цифрландырудан бюджетке 2 трлн теңгеден астам қосымша түсімдер қамтамасыз етілгенін атап өткен жөн. Оның тек 680 млрд теңгеден астамы былтыр бюджетке түсті. Тағы бір атап өтетін мәселе – мәжбүрлеп өндіріп алуды қолдану есебінен салықтық берешек 337,2 млрд теңгеге төмендетілді, - деді министр Парламамент палаталарының бірлескен отырысында.

Сондай-ақ Ерұлан Жамаубаев қазақ-қытай шекарасындағы жағдайға тоқталды.

«Былтыр Қытай Халық Республикасының экспорты – Қазақстан Республикасының импорты бағыты бойынша статистикалық деректердегі алшақтықтар 40,5%-ке дейін төмендеді. Осыған дейін бұл көрсеткіш 45%-дан асатын еді. Бұл бағыттағы жұмыс күшейтіледі», - деді Үкімет басшысының орынбасары.

Айта кетейік, биыл президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қытаймен шекарада бейберекетсіздік орнағанын мәлімдеген болатын.

«Бюджет кірісін арттырудың сыры шекарада тәртіп орнатуда жатыр. Әсіресе Қытаймен шекараны реттеу керек. Ондағы нағыз бейберекетсіздік бәріне белгілі. Көліктер тексерілмейді, салық төленбейді. Қытайдың кеден органдары статистикадағы айырмашылық миллиардтаған долларға жететінін көрсетіп отыр. Заңға бағынбайтын уәкілетті операторлар бар. Мемлекет салық түрінде ондаған миллиард теңгеден айырылып жатыр. Бұлай болмайды», – деген-ді сонда мемлекет басшысы.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама