Қазақстандықтар цифрлық теңгені қашан пайдалана алады?

Дәурен Ерболат

Меморандум Қазақстанда блокчейн технологиясын дамытуға мүмкіндік береді

Фото: Әлиакпар Қадырбаев

Елордада «Ұлттық банкінің төлем және қаржылық технологияларды дамыту» орталығы» АҚ мен Astana Hub халықаралық IT-стартаптар технопаркі өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды, деп хабарлайды Halyq Unі тілшісі.

Бүгін Нұр-Сұлтанда Decentral Asia: Digital Finance & Blockchain конференциясы өтіп жатыр. Жиынға Ұлттық банк төрағасының орынбасары Берік Шолпанқұлов, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің орынбасары Әсет Тұрысов, шетелдік қонақтар мен IT-мамандар қатысты. Отырыста блокчейн, қаржы технологиясы мәселелері талқыға салынды.

«Бүгінгі іс-шараның тақырыбы ауқымды. Конференция Ұлттық банкпен бірге тәжірибе алмасуға, маңызды тақырыптарды талқылауға мүмкіндік береді деп ойлаймын. Блокчейн – өте қарқынды дамып келе жатқан сала. Ол жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Конференция - жаңа технологияларды түсінуге, дамытуға, стартаптарға түрлі инвесторларды тартуға алғашқы қадамның бірі. Біз бұл технологиялардың болашағы зор екенін түсінеміз. Сондықтан министрлік пен Ұлттық банкке осы саланың дамуы маңызды», - деді вице-министр Әсет Тұрысов.

Іс-шарада Ұлттық банкінің төлем және қаржылық технологияларды дамыту» орталығы» АҚ басқарма төрағасы Бинур Жалелов пен Astana Hub халықаралық IT-стартаптар технопаркінің директоры Мағжан Мадиев өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Бинур Жалеловтың айтуынша, бұл құжат елімізде блокчейн технологиясын дамытуға, цифрлық теңгені енгізуге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ төлем және қаржылық технологияларды дамыту орталығының басшысы цифрлық теңгенің негізгі ерекшелігіне тоқталды.

Біз kaspi.kz және нарықтағы басқа да қатысушылардың орнын алмастырмаймыз. Цифрлық теңге – ақшаның тағы бір түрі. Мысалы, қолма-қол ақша және банкте сақталған ақша сияқты. Цифрлық теңге цифрлық әмиянда сақталады. Cіз онымен интернет болмаса да есеп айырыса аласыз. Себебі, нарықта мұндай опция қазір жоқ. Сондықтан бұл өнім сонысымен бағалы, - деді басқарма төрағасы.

Бинур Жалелов аталған жоба Қазақстан экономикасына қалай әсер ететіне тоқталды. Оның пікірінше, цифрлық теңге интернеті жоқ елдімекендерде сауданы дамытуға мүмкіндік береді.

«Қазақстанда транзакциялардың шамамен 80% қолма-қол ақшасыз жүреді. Оның басым бөлігі ірі қалаларда жүзеге асырылады. Интернеті әлсіз өңірлерде мұндай қызмет дұрыс жолға қойылмаған. Сондықтан цифрлық теңге мұндай өңірлер үшін пайдалы», - деді басшы.

Сондай-ақ ол «қазақстандықтар цифрлық теңгені қашан пайдалана алады?» деген сұраққа жауап берді.

2022 жылдың соңында «Цифрлық теңгені енгізу керек пе?» деген мәселеге қатысты шешімді қабылдаймыз. Оны Ұлттық банк екінші деңгейлі банктермен ақылдасып қабылдайды. Егер оң шешім қабылданса, біз жоспарды жариялаймыз. Ол біртіндеп енгізілуі мүмкін. Оған бірнеше жыл керек, - деді Бинур Жалелов.

Басшы бұл жобаны жүзеге асыру үшін жан-жақты экономикалық талдау жүргізу керегін атап өтті.