Қайтарылған активтер есебінен Петропавлда балабақша салу үшін 2 млрд теңге бөлінді
Осы бағытта жұмыс жалғасып келеді
Қайтарылған активтер есебінен Петропавлда балабақша салу үшін 2 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді, деп хабарлайды Halyq Uni.
Президент тапсырмасын орындау аясында мемлекетке заңсыз жолмен алынған активтерді қайтару есебінен әлеуметтік маңызы бар жобаларды жүзеге асыру жалғасып жатыр, деп мәлімдеді Үкімет.
Үкімет Петропавлда 280 орындық балабақша салу үшін Арнаулы мемлекеттік қордан 2 млрд теңгеден астам қаражат бөлу туралы шешім қабылдады. Нысан қазіргі таңда белсенді салынып жатқан «Жас Өркен» шағын ауданында орналасады. Қазір онда бала саны 100% толы мектепке дейінгі 3 мекеме жұмыс істейді, – деп қосты ведомство.
Балабақша құрылысы мектепке дейінгі ұйымдардағы орын тапшылығын азайтып, балаларға сапалы білім берудің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Қазір Петропавлда мектепке дейінгі ұйымдарға орналасуға шамамен 3 мың бала кезекте тұр. Олардың жартысы – 2 жастан 6 жасқа дейінгі балалар.
Бұған дейін Үкімет Атырау облысындағы Жамансор мен Ұлытау өңіріндегі Манадыр ауылдарында мектептер, Астанада тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға арналған оңалту орталығы, Ақтөбе қаласында ерекше балаларға арналған арнайы балабақша, Ақмола облысының Зеренді ауылында спорт кешені және Риддерде көпсалалы аурухана кешені құрылысын аяқтауға арналған жобаларды іске асыру үшін қаражат бөлу туралы шешім қабылдаған болатын.