Қазақстан Арменияға ет экспорттай бастады

Динара Амантай

Отандық компаниядан ай сайын 400 тонна ет сатып алу келісілді

Фото: Halyq Uni

Қазақстан Арменияға ет экспорттай бастады, деп хабарлайды Halyq Uni.

АШМ ақпаратына сәйкес, алғашқы 20 тонна мұздатылған шошқа еті Ереванға экспортталды. Экспорттаушы – Солтүстік Қазақстандық EMC Agro компаниясы. Бұл кәсіпорын үшін шетелдік кәсіпкерлермен алғашқы ынтымақтастық тәжірибесі болды, себебі бұған дейін өнімдері тек Қазақстанда сатылып келген.

Біз сондай-ақ шошқа етін Грузияға экспорттау туралы келіссөздер жүргіздік. Жақын күндері бұл елге де алғашқы 20 тонна ет жіберіледі. Мұны Қазақстан үшін үлкен жетістік деп айтуға болады, өйткені біз үшін бұл нарық енді ғана ашылып жатыр. Армения мен Грузия бізден ай сайын 400 тонна ет сатып алуға дайын екенін білдірді. Айта кету керек, біздің кәсіпорын ай сайын ел ішінде 700-800 тонна шошқа етін сатады. Сондықтан, егер біз осы екі бағытпен ұзақ мерзімді ынтымақтастық орнатсақ, өніміміздің 50%-ы шетелге жіберіледі, – дейді компания өкілдері.

Жалпы, EMC Agro әлемдегі ең ірі шошқа еті тұтынушысы болып табылатын Қытаймен ынтымақтастықты қарастырып жатыр. Биылғы жазда Қытай ет қауымдастығының өкілдері EMC Agro өнеркәсіп кешеніне барып, өндірісті тексергеннен кейін, жылына 20 мың тонна шошқа етін импорттауға қызығушылық танытты. Осыған байланысты компания ҚХР-дың Бас кеден басқармасының ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізушілер тізіліміне ену жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Айта кетсек, EMC Agro – Қазақстандағы ет өңдеу кәсіпорындарының көшбасшысы. Компания жоғары сапалы, экологиялық таза өнім өндіруге және оны түпкілікті тұтынушыларға жеткізуге бағытталған. Ет комбинатының өндірістік қуаты жылына 20 мың тонна ет және тәулігіне 30 тонна дайын өнім шығаруға мүмкіндік береді.