Halyq Uni логотип
×

Қазақстаннан Қырғызстанға 90 мың тонна қант қызылшасы жіберіледі

Мұндай шешім жиналған өнімнің барлығын толық өңдеуді қамтамасыз ету мақсатында қабылданды

 Halyq Uni 21.12.2024 | 10:49
Қазақстаннан Қырғызстанға 90 мың тонна қант қызылшасы жіберіледі
фото: kazpravda.kz

Елімізде қант қызылшасының орташа өнімділігі гектарынан 535,5 центнерді қамтып, шамамен 1,3 млн тонна жиналды, деп хабарлайды Halyq Uni Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Үкіметтің хабарлауынша, 20 желтоқсандағы жағдай бойынша қазақстандық қант зауыттары өңдеуге 988,6 мың тонна өнім қабылдаған:

  • «Ақсу қант» зауыты – 351,7 мың тонна (оның ішінде Жамбыл облысынан 39,3 мың тонна);
  • Көксу қант зауыты – 252,6 мың тонна;
  • Меркі қант зауыты – 384,3 мың тонна.

Қалған өнім өңдеуге дейін фермерлердің қант қызылшасы үйінділерінде сақтаулы.

Жалпы өнімнің жартысы (640 мың тонна) Жамбыл облысында жиналды. Бұл өңірде қант қызылшасын тек Меркі қант зауыты өңдейді.

Қолданыстағы қуаттылықтарға сәйкес, Меркі зауыты 450 мың тонна, Жетісу облысындағы Ақсу зауыты 100 мың тонна қабылдайды. Ал қалған 90 мың тонна қант қызылшасы Қырғызстанның қант зауыттарына жөнелтіледі.

Мұндай шешім жиналған өнімнің барлығын толық өңдеуді қамтамасыз ету мақсатында қабылданды. Қазақстан мен Қырғызстан Үкіметтері арасында қант қызылшасын үздіксіз қабылдау, өңдеу және дайын қантты кері жеткізу бойынша келісімдер бекітілген, - делінген хабарламада.

Сонымен қатар фермерлерге қант қызылшасын қай зауытқа тапсырғанына қарамастан, қолданыстағы тәртіп бойынша әкімдіктер мен қант зауыттары тарапынан субсидиялар төленеді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама