Қазақстан шетелге 45 млн долларға ет сатты
Өнімді негізінен Өзбекстан тарапы сатып алған
Биыл 10 айда Қазақстан шетелге 13,3 мың тонна қой мен ешкі етін экспорттады, деп хабарлайды Halyq Uni.
Бұл 2023 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 2 есе көп. Ақшамен санағанда көрсеткіш 64%-ға өсіп, 45,3 млн долларға ет сатылған.
Мұндағы әңгіме жас және салқындатылған ет, мұздатылған ет туралы болып отыр. Негізінен сөз қой еті туралы (қазір жалпы салмақтағы ешкі етінің үлесі – 0,1%) болып отыр. Мұндағы негізгі нарық – Өзбекстан (өнімнің шамамен 80%-ы), ал қалған өнімнің барлығы Араб елдері мен Иранға жіберілген, - деп жазылған Telegram-дағы Data Hub арнасында.
Қой етінен басқа, жаңа және салқындатылған ірі қара малдың еті шетелге жақсы сатылып жатыр.
Биыл қаңтар-қазанда еліміз 17,4 мың тонна етті немесе 72,8 миллион долларға саттық. Өнімді негізінен Өзбекстан нарығы тұтынған: биылғы ІҚМ жас/салқындатылған етінің экспортының 96%-ы, - деп жазылған хабарламада.