Жаңа кемелер сатып алынады
Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай өңірде 30 жыл үзілістен соң кәсіби балық аулау шаруашылығы қайта жанданғанын айтты, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Биыл облыста 3 кәсіпорын 45,5 тонна бекіре тұқымдас және жайын балығын өсірді. 2025 жылы өңірде 286 тонна балық өсіру жоспарда бар», - деді Нұрдәулет Қилыбай Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, биыл Түпқараған ауданында бекіре балығы мен уылдырық өндіретін ферма салу үшін 56 гектар жер учаскесі берілді. Ферма құрылысы 2025 жылдың басында басталады. Жоба іске қосылғаннан кейін 30 тұрақты жұмыс орны ашылады.
Мәселен Швейцарияның әйгілі балық фермасы бассейнде бекіре тұқымдас балық түрлерін өсіру және ас уылдырығын өндіру жобасын іске асырады. Жоба құны құны – 4,2 млрд теңге. Қарақия ауданында шаян тәрізділер мен балық өсіру жобасы іске асырылады, - деді облыс әкімі.
Өңір басшысы жалпы 2025-2027 жылдары құны 12 млрд теңге болатын 8 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарда барын атап өтті.
Оның ішінде ең ірісі – Organic fish серіктестігінің тор қоршамада бекіре тұқымдас балық түрін өсіру жобасы. Жобаның қуаты жылына 5 мың тонна, инвестициялық құны – 7,4 млрд теңге. Аталған жобалар іске қосылған жағдайда «Қазақстанда жасалған» деген отандық бренд қалыптасып, ел нарығын жергілікті өніммен қамтиды, - деді Нұрдәулет Қилыбай.
Облыс әкімі балық шаруашылығын кәсіби тұрғыда дамыту қолға алынғанын жеткізді.
Маңғыстауда 30 жыл үзілістен кейін кәсіби балық аулау шаруашылығын дамыту қолға алынды. Кеңес дәуірі кезінде қарқынды дамып, кейін тоқтап қалған бұл шаруашылықты қайта жаңғырту үшін бірқатар инвестор тартылды. Бүгінде балық аулайтын замануи кемелер сатып алынды. Келер жылы тағы 4 кеме алу жоспарланып отыр. Осылайша 2025 жылы теңізден 20 мың тоннаға дейін балық аулау жоспарда бар, - деді ол.