Маңғыстау облысында күн және жел электр станциялары салынады

Halyq Uni

Жобаларды іске асыруға қомақты инвестиция тартылады

Фото: Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Маңғыстау облысында күн және жел электр станциялары салынып, пайдалануға беріледі. Бұл туралы Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай айтты, деп хабарлайды Halyq Uni.

Облыс әкімінің айтуынша, келесі жылы Қарақия ауданы Мұнайшы ауылында «Сарқылмас Қуат» жел электр станциясы іске қосылады.

Жобаның құны – 13 млрд 474 млн теңге, нысан 45,5 гектар аумақты алып жатыр. Жел электр станциясы 8 генератордан тұрады, әрқайсысы 6,25 МВт қуат өндіреді. Қазір нысан құрылысында 120 адам жұмыс істеп жатыр. Станция пайдалануға берілсе, онда 15 адам тұрақты еңбек етеді деп жоспарланып отыр, - деді Нұрдәулет Қилыбай Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес Жаңаөзен қаласында жаңартылған энергия көзінен қуатын алатын гибридті электр станция салынады.

Жоба бойынша қуаттылығы 50 МВт күн электр стансасы (75 мың дана), қуаттылығы 77 МВт жел электр стансасы (11 дана), қуаттылығы 120 МВт газ поршенді электр стансасы электр энергиясын өндіреді. Жоспар бойынша нысандардың құрылысы 2024 жылы басталып, 2026 жылы аяқталуға тиіс, - деді облыс әкімі.

Сондай-ақ облыста жасыл сутегін өндіру жобасы жүзеге асырылмақ.

Жобаға Германияның Svevind компаниясы жауапты. Олар жасыл сутегі өндіру жобасы аясында су тұшыту зауыты, 40 гигаватттық жаңартылатын энергия көздері (жел, күн) станциялары және қуаты 20 ГВт болатын суды электролиздеу қондырғысын салуы керек. Осылайша, жоба 2 млн тонна жасыл сутегі немесе 11 млн тонна жасыл аммиак өндіруге мүмкіндік береді. Жобаға 50 млрд еуро инвестиция құйылып, құрылыс кезінде 3500 жұмыс орны ашылады, ал жобаны пайдалану барысында 1800 тұрақты жұмыс орны пайда болады деген жоспар бар. Нысандар 2030 жылы толық іске қосылуға тиіс, - деді Нұрдәулет Қилыбай.