Әлемдік дағдарыс инфляцияның өсуіне ықпал етті
Ұлттық банктың болжамы бойынша 2022 жылдың соңында инфляция 13-15% деңгейінде болады. Бұл туралы қаржы реттеуші ұйымның төрағасы Ғалымжан Пірматов Сенаттың жалпы отырысында айтты.
Сенатта «2021 жылғы республикалық бюджетті орындау туралы» Үкіметтің және республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің баяндамалары тыңдалып жатыр.
Биылғы инфляциялық қысым геосаяси дағдарыстың басталуынан кейін күшейді, одан кейін ақпан-наурызда теңгенің айырбастау бағамының әлсіреуі және жоғары белгісіздіктің салдарынан шамадан тыс өскен тұтынушылық белсенділік байқалды. Оның салдарынан инфляция ақпандағы 8,7%-дан мамырда 14%-ға дейін өсті. Жылдық мәнде 19%-ға жеткен азық-түлік өнімдері бағасының өсуі де біршама үлес қосып келеді, – деді Ұлттық банк төрағасы.
Оның айтуынша, сыртқы инфляциялық жағдай азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасының артуына қысым көрсетіп жатыр, олардың өсуі 11,9%-ға дейін жеделдеді. Реттелетін қызмет бағасын өсіруге енгізілген мораторийдің тежеуіш әсеріне қарамастан, ақылы қызмет инфляциясы 9,1%-ға дейін өсті.
Сыртқы секторда геосаяси ахуалдың едәуір нашарлауынан сыртқы әсерлердің ел экономикасына салдарын барынша азайту, баға тұрақтылығын сақтау және жергілікті валютадағы активтерді қорғау мақсатында Ұлттық банк 2022 жылғы 24 ақпанда базалық мөлшерлемені 13,5%-ға дейін көтерді. Үкіметпен бірлесіп, жеке тұлғалардың теңгедегі депозиттері бойынша өтемақыны бюджет қаражаты есебінен төлеуді көздейтін Теңгелік салымдарды қорғау бағдарламасы жарияланды. Үдемелі сыртқы инфляциялық қысым, жалғасып келе жатқан ынталандырушы фискалдық саясат, тұрақты ішкі және сыртқы сұраныс, инфляциялық болжамдардың өсуінен 25 сәуірде базалық мөлшерлеме 14%-ға дейін көтерілді», - деді Ғ. Пірматов.
Бұған қоса Ұлттық банк айырбас бағамының күрт ауытқуын және оның инфляцияға ауысуын шектеу шараларын қабылдаған. Нәтижесінде айырбас бағамы күрт ауытқудан кейін өткен жылдың соңындағы деңгейге қайта оралды.
«Осы әрекеттердің нәтижесінде долларланудың өсу тәуекелдері азайып, қаржы жүйесі сыртқы әсерлерге төтеп бере алды. Инфляцияға қарсы саясатты күшейту үшін Үкімет жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, 2022-2024 жылдарға арналған жаңартылған Инфляция деңгейін бақылау және төмендету жөніндегі шаралар кешенін жүргізіп жатыр. Қысқа мерзімді және орта мерзімді перспективадағы инфляция сын-қатерлерінің қазіргі балансы мен жаңартылған болжамдарды ескере отырып, Ұлттық банк биылғы 6 маусымда базалық мөлшерлемені 14% деңгейінде сақтау туралы шешім қабылдады. Ұлттық банк 2022 жылдың соңында инфляцияның 13-15% деңгейінде болатынын болжап отыр. Болжам Үкіметтің инфляция деңгейін бақылау және төмендету жөніндегі шаралар кешенін іске асыруын ескере отырып жасалды», – деді Ғалымжан Пірматов.