Елімізде Венчурлық инвестиция қоры құрылады
Оның функциялары аталды
Премьер-министр халықаралық және қазақстандық сарапшылармен Венчурлық инвестициялар қорлары қорын іске қосу мәселесін талқылады, деп хабарлайды Halyq Uni.
Олжас Бектенов венчурлық қаржыландыру саласындағы жетекші сарапшылар, қазақстандық бизнес-қоғамдастық өкілдері және халықаралық әріптестермен кездесу өткізді. Талқылаудың басты тақырыбы жаһандық капиталды тартуға, стартап-экожүйені дамытуға және Қазақстанның өңірлік технологиялар мен инновациялар орталығы ретіндегі ұстанымын нығайтуға бағытталған Венчурлық инвестициялар қорлары қорын құру болды, деп мәлімдеді Үкімет.
Диалогқа шақырылған Стэнфорд университетінің профессоры және венчурлық инвестиция бойынша танымал сарапшы Илья Стребулаев, Andreessen Horowitz серіктесі Малика Әубәкірова және Lightspeed Venture Partners серіктесі Ғалым Иманбаев, сондай-ақ DCVC инвестициялар жөніндегі директоры Анна Фокина инновацияларды дамытудағы өз тәжірибелерімен бөлісті. Сарапшылар Қазақстанға елеулі прогреске қол жеткізу үшін әлемдік жетекші венчурлық инвестициялар қорларымен ынтымақтастықты нығайту маңызды екенін атап өтті. Бұл инвестицияларды басқарудың озық технологиялары мен озық тәжірибелеріне қол жеткізуді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Олар жаһандық капиталды тарту үшін құқықтық инфрақұрылымды нығайтып, стартаптарды дамытудың кейінгі кезеңдерінде қолдауға жағдай жасау қажеттігін атап өтті, – деп қосты ведомство.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев Қазақстан өңірдің барлық венчурлық мәмілелерінің 70%-дан астамын қамтамасыз етіп, Орталық Азияда көшбасшылық ұстанымды иеленіп отырғанын атап өтті. Соңғы бес жылда еліміздегі венчурлық капитал көлемі алты еседен астам өсіп, $80 млн-ға жетті.
Қордың құрылуы Қазақстанның инвестициялар мен технологиялардың халықаралық экожүйесіне интеграциялануына бағытталған елдің венчурлық капитал нарығын дамытудың жаңа кезеңін білдіреді.
Венчурлық инвестициялар қорлары қоры орта мерзімді перспективада жетекші әлемдік, өңірлік және қазақстандық венчурлық қорларға бағытталатын $1 млрд жеке инвестицияларды тартуға бағытталған. Бұл тиімді әртараптандыруды, экономиканы трансформациялау үшін қажетті жаһандық құзыреттер мен аса маңызды технологияларға барынша қол жеткізуді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда қордың бастапқы капиталын қалыптастыруға қазақстандық ірі бизнес өкілдерінен $100 млн-нан астам сомаға өтінімдер жиналды, – делінген ақпаратта.
Қор жұмысында жасанды интеллект, цифрлық денсаулық сақтау және басқа да негізгі технологиялық салаларды қосқанда, перспективалы бағыттарға ерекше назар аударылады. 2030 жылға қарай әлемдік жасанды интеллект нарығы $827 млрд-қа дейін өседі деп болжанып отыр. Бұл саланы инвестициялар үшін басым бағыттардың біріне айналдырады.
Үкімет басшысы Венчурлық инвестициялар қорлары қорын құру озық технологияларға қолжетімділікті ашып қана қоймай, Қазақстанның халықаралық стартаптар мен технологиялар хабы ретіндегі ұстанымын нығайтады деп атап өтті.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, біз білім мен инновацияға негізделген экономика құрып жатырмыз. Бүгінде Қазақстанда IT секторы белсенді дамып келеді, цифрлық қызметтер экспорты артып, жас мамандар ел ішінде де, шетелде де сұранысқа ие болып отыр. Біздің басты міндетіміз – өзіміздің таланттарымызды сақтап қалуға және жаңа дарындарды тартуға жағдай жасау, стартаптарды дамытудың барлық кезеңінде қолдау және Қазақстанға жаһандық құзыреттерді тарту», – деді Бектенов.