Halyq Uni логотип
×

Назарбаев университеті 73 млрд теңгені тиімсіз жұмсаған

ЖОО әлі республикалық бюджеттің қаржысына тәуелді

 Дәурен Ерболат 11.12.2024 | 13:50
Назарбаев университеті 73 млрд теңгені тиімсіз жұмсаған
фото: nu.edu.kz

Назарбаев университетінің 73 млрд теңгені тиімсіз жұмсағаны анықталды. Бұл туралы Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов мәлімдеді, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Оның айтуынша, жақында палата жоғары оқу орнында аудит жүргізіп, бірқатар кемшілік пен заңбұзушылықты анықтаған. 

Біріншіден, Назарбаев университеті әлі күнге дейін республикалық бюджеттің қаражатына тәуелді. Бұл жоғары оқу орнының мәртебесіне, бұрын болмаған дербестігіне, мемлекет тарапынан прецедентсіз көмекке және салықтан босатылғанына қарамастан ол әлі 97% деңгейінде республикалық бюджеттен қаржыландырылып отыр. Стратегиялық құжатта университет республикалық бюджеттен кетіп, жеке қаржыландыру көзіне көшу керек деп жазылған. Алайда, бұл жұмыс тиімді жүргізілмей жатыр, – деді төраға Мәжілістің жалпы отырысынан соң.

Екіншіден, қолданыстағы заңнама университетті қаржылық есеп ұсынуға міндеттемейді. 

«Бұл ЖОО жұмысының ашықтығына кері әсерін тигізеді. Мысалы, біз аудит нәтижесінде университет 73 млрд теңгеге тиімсіз жоспарлау мен қаржыны тиімсіз пайдалануды және жарты млрд теңгеге қаржылық заңбұзушылықтарды анықтадық. Үшіншіден, университеттің негізгі стратегиялық серіктестері тауарлар мен қызметтерді конкурссыз бір көзден беріп отыр. Біздің ойымызша, бұл да тиімсіз, дұрыс емес тәсіл саналады», – деді Смайылов.

Ол Назарбаев университеті көптеген ғылыми зерттеу жүргізсе де, оны нарыққа шығара алмай отырғанын атап өтті.

Сондай-ақ, мұнда ғылыми зерттеулерді коммерцияландыру деңгейі өте төмен, жоқтың қасы деуге болады. Сондықтан Жоғары аудиторлық палата Үкімет пен Назарбаев университетіне өз нұсқамалары мен ұсыныстарын берді. Енді біз олардың іске асыруын бақылаймыз, – деді төраға.

Бұған қоса, Смайлов «Университет атауын өзгертуді қолдайсыз ба?» деген сұраққа жауап берді.

«Мен бұл университет жұмысының тиімділігі әрі қарай көтерілгенін, республикалық бюджеттен тәуелділігі төмендегенін қалаймын. Ал университеттің қалай аталғаны маңызды емес», – деді ол.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама