Қазақстан-Қытай шекарасында жолаушылар өткелі ашылды
Бұның не үшін ашылғаны айтылды
2024 жылғы 6 желтоқсанда ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Бақытжан Слямовтың, ҚР Қытай Халық Республикасындағы елшілігі өкілдерінің, сондай-ақ Қазақстан мен Қытайдың өңірлік кеден және шекара қызметтері басшыларының қатысуымен «Бақты» - «Покиту» өткізу пунктінде уақытша жолаушылар өткелінің ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды Halyq Uni.
Бақытжан Слямов өзінің құттықтау сөзінде уақытша жолаушылар өткелінің ашылуы Қазақстан мен Қытай өңірлері арасындағы мәдени-гуманитарлық, сауда және экономикалық алмасулар үшін жағдайларды жақсартуға бағытталғанын атап өтті, деп мәлімдеді Мемлекеттік кірістер комитеті.
Іс-шара шеңберінде төраға орынбасарының Тачэн округінің партком хатшысы Чжи Сяньвеймен екіжақты кездесуі өтті. Онда тараптар 2025 жылы «Бақты» - «Покиту» өткізу пунктінің толық ашылу перспективаларын талқылады. Келіссөз барысында Қазақстан-Қытай шекарасындағы үшінші теміржол өткелінің құрылысы да қозғалды, – деп қосты ведомство.
Сонымен қатар, кездесуге қатысушылар кедендік ресімдеуді ұдайы жетілдіру әрі осы өткізу пунктінде өткізу мүмкіндігін арттыру туралы уағдаласты. Ашылу салтанаты екіжақты қатынастарды одан әрі дамыту және Қазақстан мен Қытай арасындағы түрлі саладағы ынтымақтастықты нығайту жолындағы маңызды қадам болды.