Қазақстанда аптаға жуық сауда-саттықтың болмауынан шетел валютасына сұраныс өскен
Ұлттық банк 240 миллион долларға валюталық интервенция жүргізді
Ұлттық банк Қазақстандағы қаржылық тұрақтылыққа және жағдайға әсер ететін ауытқуларға жол бермеу мақсатында 240 миллион долларға валюталық интервенция жүргізді. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова мәлімдеді.
Қазақстанның әр өңірінде басталған тәртіпсіздіктерден кейін 7 қаңтардан бастап халыққа арналған негізгі банк қызметтері кезең-кезеңімен қалпына келтірілген. Екіншіден, 10 қаңтардан бастап ақша және қор нарықтарындағы операциялар қайта қалпына түсті.
Әлия Молдабекова жағдай тұрақталғасын нарықты қолма-қол шетел және ұлттық валютамен үздіксіз нығайту бойынша жұмыс жүргізіліп жатқанын айтты.
Үшіншіден, 12 қаңтардан бастап валюта нарығындағы сауда-саттық іске қосылды. Ұлттық банк сауда-саттық қайта басталғаннан кейін алғашқы күндері шетел валютасына сұраныстың артуын және оның шектеулі ұсынысын күтті. Валюта нарығы реттелгесін бұрын-соңды болмаған оқиғалар теңгеге алыпсатарлық қысым көрсетуіне жол бермеу мақсатында валюталық интервенция жүргізуге дайын екенімізді мәлімдедік, - деді ол.
Ұлттық банк төрағасының орынбасары бір аптаға жуық сауда-саттықтың болмауын ескере отырып, кәсіпкерлер тарапынан да, халық тарапынан да шетел валютасына сұраныс қалыптасқанын айтты.
Жағдай валюта сатушылар саны өте шектеулі болғасын, теңге бағамы бойынша болған оқиғалар аясында күрделене түсті. Қаржылық тұрақтылық тәуекелдеріне және тұрақсыздандыратын ауытқуларға жол бермеу мақсатында Ұлттық банк валюталық интервенция жүргізді. Олардың көлемі 12, 13 қаңтарда 240 миллион доллар немесе сауда-саттықтың бүкіл көлемінің 50%-ға жуығы болды. Жыл басынан бастап 13 қаңтарға дейін шетел валютасына сұраныс артып, теңге бағамы 433,67 теңгеге дейін 0,5 пайызға әлсіреді, - деді Молдабекова.
Әлия Молдабекова бүгінде валюта нарығындағы жағдай тынышталдғанын, қаржы нарығының жұмысы толық қалпына келтірілгенін, операциялар штаттық режимде жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.