×

«Ұлттық қордың ақшасы олигархтардың жеке банктерін қаржыландыруға бағытталған» - сарапшы

Шығынды Ұлттық қормен жабу – Үкіметтің «ұлттық дәстүріне» айналып бара жатыр

фото: inbusiness.kz

Годуноваға депутаттар қосылып, аздаған популизммен министрлерді ірей кетеді. Төменшіктеп қалған министрлер ұялған түр көрсетеді. Осынау "дәстүрлі іс-шарадан" кейін депутаттардың бәрі бір ауыздан бюджетті мақұлдап жібереді. Бір қызығы, ұрысқандар да, ұрыс естігендер де келесі жылы дәл осылай кездесіп, дәл осылай тарқасады.

Бұл жолы да сол...

Осыдан бірнеше күн бұрын Мәжіліс қабырғасында Наталья Годунова қаһарына тағы мінді. "Бірден проблемаға көшейін" деп бастады сөзін ол. Есеп комитеті басшысының айтуына қарағанда, белгісіз себептерге байланысты күнделікті шығындарды жабу үшін тағы да қаражат жетпей қалған. Бұл жайтты Годунова нонсенске теңеді. Неге десеңіз, даму бюджетінің өзі 8%-ы немесе 1,2 трлн теңгеге өскен. Бірақ...

"Коммуналдық қызметке ақшасы жетпей жатса, есті адам үй жөндеуді ойламайды ғой", – деп қызық теңеу келтірді Наталья Годунова.

Комитет басшысы күнделікті шығынды жабу үшін Үкімет айналып келіп Ұлттық қорға қол салатынын атап өтті. Былтырғы Жолдауында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бюджет тапшылығы ұлғайып, Ұлттық қордан алынатын трансферттер көбейіп бара жатқанына көңілі толмайтынын білдірген. Үкіметке сол тұста мемлекет басшысы "үнемі осылай ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүруге болмайтынын" да ескерткен. Алайда Маминнің үкіметіне сол тұста сын айтылғанымен, Смайыловтың үкіметі де биыл Ұлттық қордан ақша алғалы отыр. Аз ақша емес – 4 трлн теңге!

"Ұлттық қордың ақшасын алып, мемлекет күнделікті шығындарды жабуға мәжбүр. Жобалардың саны көбейсе екен деп, жол жағынан жобалық-сметалық құжаттамаларды әзірлеуге бюджеттің ақшасын 50 миллиондап бөлеміз. Келесі жылы ол жобалар қаржыландырыла ма, жоқ па деген сұраққа ешкім бас қатырмайды. Кірістің үштен бірі, 36%-ы Ұлттық қордың есебінен келеді. Аталмыш көрсеткіш кейінгі үш жылда жоғары болып тұр", – деді Наталья Годунова.

Естеріңізде болса, 2021 жылдың маусымында Годунова "2020 жылы Ұлттық қорға түскен түсімнің 96%-ы ұсталып кеткенін" айтып дабыл қаққан. Комитет басшысы сол кезде де "өкінішке қарай, Ұлттық қорға аударуылы тиіс қаражаттың жетер жерге жетпей қалатынын, ол ақшаны Үкімет сыртқы және ішкі қарыздарды жабуға қолданып кететінін" мәлім еткен. Бюджет кодексінің ережесі бұзылып, мұнай секторындағы компаниялардың қаражаты республикалық бюджетке бөлініп кеткен. 2020 жылдың өзінде Қарашығанақ және Солтүстік Каспийдегі жобалар бойынша компаниялардан түсуі тиіс 664 млрд теңге Ұлттық қорға жетпей ұсталып кеткен.

Қорға тиісті қаражат түспей жатса да Үкімет ұсынып, Мәжілістің қолдауымен Ұлттық қордан алынатын трансферт биыл тағы 4 трлн теңгеге дейін өсті.

Қуантыров не дейді?

Жуырда осы мәселеге байланысты Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровқа Орталық коммуникациялар қызметінде сұрақ қойылды. Сұрақ қойған журналистің бірі министрге "ақыры, Ұлттық қорды жылда ұстай береді екенсіздер, оның мәртебесін мемлекет бюджетіне неліктен теңестіре салмайсыздар?" деп сұрады. Сыни сұраққа сыпайы жауап беруге тырысқан Әлібек Қуантыров сыр бермеуге тырысты.

"Республикалық бюджет пен Ұлттық қорды біріктіру, үйлестіру мәселесі күн тәртібіне шығарылмайды. Ал Ұлттық қордың бір бөлігін пайдалану қалыпты жағдай. Неліктен? Себебі Ұлттық қор алғаш құрылған кезде-ақ оның бір міндеті болашақ ұрпақтың қамы болса, екіншісі – дағдарысқа қарсы шараларға қолғабыс ету. Тұрақтандыру қоры арқылы біз экономикамыздан ақша массасының шығып кетпеуін қадағалаймыз. Шын мәнінде, Ұлттық қор бұл бағытта өз рөлін дұрыс атқарып жатыр. Биыл трансферттің өсуі өздеріңізге белгілі жайттармен байланысты. Сыртқы шоктармен бетпе-бет келдік. Дәл қазір халық пен бизнесті, экономиканы қолдау үшін Ұлттық қордан қаражат бөлінді. Келешекте әлбетте, трансферт азаяды", – деп сендіргісі келді Әлібек Қуантыров.

Әлбетте, "сыртқы шок" деген кезде Қуантыров ең алдымен, Украина мен Ресей арасындағы соғыстың Қазақстанға экономикалық ықпалын, салдарын келтіргені даусыз. 2020 жылы пандемия, 2021 жылы пандемияның салдары деп те трансферт бөлінген. Бірақ сырттан келген кез келген ықпалға Үкімет осылай шыдас бермесе демек "іште экономикалық саясатта бір кілтипан бар болар?" деген заңды сұрақ туындайды.

Министрдің бұл позициясымен келіспейтіндер бар, әрине. Бар түгілі көп деуге болады. Өйткені 2015 жылдан бастап 7 жыл ішінде Үкімет кепілдендірілген және нысаналы трансфертті қосқанда Ұлттық қордан 29 трлн теңге алып үлгерген. Нақтырақ айтқанда, Ұлттық қордан 2015 жылы 2,4 трлн теңге, ал 2016 жылы 3,2 трлн теңге алынған. 2017 жылы транферттер көлемі 4,4 трлн теңгеге жетсе, 2018 жылы 2,6 трлн теңге, 2019 жылы 3 трлн теңге алынған. Пандемия келген жылы Үкімет транферт көлемін 4,7 трлн теңгеге арттырды. 2021 жылы да 4,5 трлн теңге алып, 2022 жылы бұл қаражатты тек 500 млрд теңге көлемінде азырақ алуды көздеп отыр.

Енді Ұлттық қорға майшаммен қарау керек!
Белгілі экономист Мейрам Қажыкеннің пікірін сұрап көргенбіз. Сарапшы Ұлттық қордың ақшасын нысаналы түрде пайдаланбау фактілері жиі тіркелетінін сынға алады.

"Ұлттық қордың ақшасы олигархтардың жеке банктері мен жобаларын қаржыландыруға бағытталғаны бүгін де белгілі. Менің есебімше, Есеп комитеті тек көзге көрініп тұрған заңбұзушылықтарды ғана айтып, тізіп шыққан секілді. Өздеріңіз білетіндей, комитет осы жолы Ұлттық қордың концепциялары бағытындағы 230 млрд теңгенің нысаналы түрде жұмсалмағанын жария етті. Жалпы саяси өзгерістерге байланысты Ұлттық қордың қазіргі институционалдық формасында сақталуын жіті тексеріп, мәселеге майшаммен қарайтын кез келді", – дейді сарапшы.

Мейрам Қажыкеннің айтуына қарағанда, Ұлттық қор жіті тексерілсе, мұның соңы салық және бюджет саясатының терең талдануына жетелейді.

Қателікті мойындай білу керек
Ал экономист Айдархан Құсайыновтың айтуына қарағанда кез келген бюджет процесінде ережелердің бұзылуы кездеседі. Ол кемшілік әдейі жасалмауы да мүмкін.

"Біз бюрократиямен күресіп жатырмыз ғой. Бір жерде қағаз жұмыстары бітпей қалуы мүмкін. Екінші жерде тендер уақытында жарияланбай қалады. Бұл кемшіліктер бюджет процесіне тән. Ал Ұлттық қор қаражатының тиімсіз жұмсалып жатқаны да керек десеңіз шарасыз шаруа. Неге десеңіз, бізде экономикалық саясаттың өзі дұрыс емес", – дейді ол.

Экономистің сөзіне қарағанда қаражатты елдің экономикасына салуға талпыну, сол арқылы істің бетін бері қарату шаруасы әрдайым тиімсіз болып қала береді. Ел экономикасы табыс әкелмесе, ақша бағамын жасанды түрде қолдан ұстап тұрсаңыз, ешқандай даму болмайды.

" Үкіметтегілер "Біз Ұлттық қордан ақша алуға мәжбүрміз, өйткені бизнесті қолдамаса болмайды, өз күшімен инвестициялап жұмыс істеу оларға тиімсіз" деген әңгімені айтады. Егер бизнес белгілі бір жобаны пайдасыз деп тапса, мемлекет не үшін оған ақша бөліп отыр? Күні ертең оған бөлінетін ақша тоқтап қалса, ол жоба бірге тоқтайды. Ол әу баста тиімсіз жоба екенін ешкім ескермей ме сонда? Тау үстіне гүл еккенмен бірдей әңгіме. Сусыз жерге сіз егін екпейсіз ғой!? Ал бізде сол егінді егіп, насоспен сол жерге су жеткізуді көздейді. Ақыры электрге кеткен шығыныңыз егін түсімінен асып түседі. Міне, біз осындай іспен айналысып жүрміз ылғи", – дейді ол.

Айдархан Құсайыновтың айтуынша, жалпы елдің экономикалық саясатын өзгерту керек. Ұлттық қорға келгенде неліктен бізде жыл да сол баяғы бір мәселемен бетпе-бет келетінін Құсайынов өзінше түсіндіреді. Айтуынша, егінді көріп, шығынның түсімнен асып кеткеніне көзі жетсе де, қателікті мойындаудың орнына Үкімет пен Ұлттық банк келесі жылы тағы да Ұлттық қорға жармасады.

"Ұлттық банкке жаңа басшы келді ме? Интервенцияны қашанғы жүргіземіз деп батыл айтуы керек болған. Бағам адал әрі әділ болсын дей алмайды. Доллар бағамы 500 теңгеге шарықтаған кезде "болды, бітті міне, 500 теңге" деп қалдыруы керек еді. Жоқ! Тағы да 410 теңгеге дейін интервенциямен қыстық. Қиын-қыстау кезең келуін келді емес пе!? Болды, қателікті мойындаймыз деп, саясатты өзгерту керек қой. Жоқ, уақытты созып, бұрынғы халге қайта түсеміз", – деп түсіндіреді позициясын сарапшы.

Экономист сондықтан Ұлттық қордың тиімсіз жұмсалуы – ол қалыпты әрі күтілген жағдай екенін, өйткені қазіргі жағдайда басқаша болмайтынын айтады.

"Оны қолдануды ешкім тоқтатқысы келмейді. Батылдықпен ешкім жауапкершілікті алмайды. Осылайша, Годунова жылда келіп, Үкіметті қысады. Үкімет екі қолын жаяды. Үкімет "Ұлттық қорды ұстамасақ, келесі жылы жағдай тіпті қиын болады" деп бәрін көндіреді. Депутаттар "ааа жарайды" дейді де, бюджетті мақұлдайды. Ал келесі жылы осы жағдай тағы қайталанады. Міне, біздегі ахуал осындай", – деп түйді экономист.

Дереккөз: inbusiness.kz

Серіктес жаңалықтары

Сараптама