Жамбыл облысында «Ауыл аманаты» жобасы қалай іске асырылып жатыр
Биыл жобаға 10,5 млрд. теңге бөлу қарастырылған
2019-2023 жылдары аралығында Жамбыл облысында «Ауыл аманаты» жобасына 42,2 млрд.теңге бөлінген. Бұл қаржыға 62 ауылдық округтегі 8 028 жоба несиелендірілді, деп хабарлайды Halyq Uni.
ҚР Премьер-Министрінің кеңесшісі Ералы Тоғжанов жұмыс сапарымен Жамбыл облысына барып, «Ауыл аманаты» жобасының іске асырылу барысымен танысты. Ол алдымен Байзақ ауданына барып, «Ауыл аманаты» жобасы аясында құрылған мал бордақылау алаңы мен автокөлік жуу нысанының жұмысымен танысты. Бұдан соң «Әулие-Ата Феникс» ЖШС-де құс етін экспортқа шығару қарқынын бақылады. Сонымен бірге Меркі ауданындағы «AMANAT» оқу-әдістемелік орталығының жұмысымен танысты. Мұнда егін және мал шаруашылығы саласында жеке шаруашылықты жүргізу бойынша білім беріледі.
Облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Көшеновтің мәліметінше, жобаға 2019-2023 жылдары аралығында 42,2 млрд.теңге бөлінген. Бұл қаржыға 62 ауылдық округтегі 8 028 жоба несиелендірілді.
Оның ішінде 252 мың бас мал сатып алуға 38,4 млрд.теңге несие берілді. 57 кооператив құрылып, лизинг жүйесі арқылы 533 ауыл шаруашылығы техникасы сатып алдынды. Кәсіп ашуға құлықты тұрғындардың 91 жобасы қаржыландырылды. 4 жыл ішінде 8 мыңнан астам жаңа жұмыс орындары құрылды. 2024 жылы жобаға 10,5 млрд. теңге бөлу қарастырылып, бұл қаржы көлеміне 1200 өтінімді несиелендіру арқылы 1672 жұмыс орнын құру жоспарланды.
Ауыл аманаты» жобасының басты мақсаты – ауылды жерлердегі халықтың табысын арттыру.Бұл күнде жоба аясында жаңа жұмыс орындарының ашылуы 25 пайызға дейін өсіп отыр. Атаулы әлеуметтік көмек алатын азаматтардың қатары 50,4 пайызға төмендеген. Осы ретте бұл бағыттағы жұмыстарды жалғастыру қажет. Әлі де атқаратын жұмыс көп. Шаруалар тек қана мал шаруашылығымен айналыспауы керек. Ауылдықтардың өзге де кәсіппен шұғылдануына жағдай жасалуы тиіс. Оның ішінде жылыжай салып, түрлі көкөністерді өсіруге және құс шаруашылығын дамытуға күш салу керек, – деді Ералы Тоғжанов.
Кеңес қорытындысы бойынша өңірдің ірі кәсіпорындарын жергілікті азық-түлік өнімдерімен қамту үлесін ұлғайту мақсатында 4 ірі кәсіпорынмен ынтымақтастық момарандумына қол қойылды.