Теңге бағамына көптеген фактор әсер етеді
Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов 1993 жылдан бері теңге 100 есе құнсызданғанын айтты, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Елордада өткен баспасөз мәслихатында басшыға БАҚ өкілі «Менің жасым 30-дан асты. 1993 жылы теңге қолданысқа енді. Мен ес білгелі теңгенің құнсызданғанын көріп келемін. Қазақстан экономикасы неге әлсіз, әлде экономикамыз біз білмейтін «белгісіз дертке» шалдыққан ба?» деп сұрақ қойды.
Тимур Сүлейменов мұндай мәселе барын мойындады.
(1993 жылдан бері – автор) теңге 100 есе құнсызданғанын мойындауымыз керек. Бірақ, ең көп құнсызданған кез 1990 жылдарға тиесілі. Мәселен, соңғы 10 жылда теңге 3,5 есе құнсызданды. Енді оған әсер ететін көптеген фактор бар. Дегенмен, бұл тек Ұлттық банкке қойылатын сұрақ емес. Бұған қатысты бүкіл Үкімет көлемді ақпарат беруге тиіс деп есептеймін, – деді төраға.
Журналист «Сіздің ойыңызша, Қазақстан экономикасы «белгісіз дертке» шалдықпаған, тек нақты қадамдар жетіспейді ғой? Біз нені дұрыс істемей жатырмыз?» деп сұрағын нақтылады.
Сүлейменов бұл сұраққа жалғыз өзі жауап бере алмайтынын атап өтті.
Ауыр және өте концептуалды сұрақ. Бір сөзбен жауап беру мүмкін емес. Қызығушылығыңыз болса, бөлек жиналып, мәселені талқылайық, – деді ол.