Жамбыл облысында жыл басталғалы 425 млрд теңгенің өнімі өндірілді
Үш жылда өңірдегі 5 мың гектар қоғамдық жайылымдық жер қалпына келтіріледі
Жамбыл облысында биыл ауыл шаруашылығы саласын дамытуға 30,8 млрд теңге бөлінген. Оның ішінде 22,3 млрд теңге субсидия арқылы бөлінсе, қалған 8,5 млрд теңге «СҚО» тәжірибесін тираждау арқылы бөлінген. Бұл туралы ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Көшенов мәлімдеді, деп хабарлайды Halyq Uni.
Сондай-ақ 15 мыңнан астам ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне қолдау көрсетілген, субсидия көлемі – 20,6 млрд теңге.
Жыл басынан бері салада 425,4 млрд теңгенің өнімі өндірілсе, егін шаруашылығында – 275 млрд теңге, мал шаруашылығында – 149,6 млрд теңгенің өнімі өндірілді.
Сонымен қатар өңірде егіс алқабы 136 мың гектарға қысқартылған. Басқарма басшысының сөзінше, ауыл шаруашылығы дақылдары 626,7 мың гектарға егілді.
Егін жинау науқанында 352,9 мың гектар масақты дәнді дақылдар егін орағына түсіп, 586,4 мың тонна астық бастырылды. Ішінде бидай - 165,2 гектардан 291,5 мың тонна, арпа – 187,7 мың гектардан 294,9 мың тонна жиналды. Масақты дәнді дақылдардан алынған орташа өнімділік өткен жылмен салыстырғанда 10 ц/га-дан 16,6 ц/га дейін өсті. Нәтижесінде былтырғы жылға қарағанда дәнді бұршақты дақылдар 208 мың тоннаға артық жиналды, - деді Қайрат Көшенов.
Сондай-ақ картоп, майлы дақыл, көкөніс және бақша дақылдарынан 2,2 млн тонна өнім алынған.
Жалпы Жамбыл облысында суармалы жердің көлемі 181,8 мың гектарды құрайды, оның 127,3 мың гектары немесе 70,9%-ы жер үсті әдісімен суарылады. Сондай-ақ 28,5 мың гектар алқапта жаңбырлатып суару, 11,5 мың гектар алқапта тамшылатып cуару жүйелері пайдаланылады.
Биыл қосымша 15,4 мың гектарға су үнемдеу технологиялары енгізіліп, облыс аумағындағы жалпы көрсеткіш 55,4 мың гектарға (тамшылатып суару – 11 мың га, жаңбырлатып суару 2,5 мың га, лазерлік жоспарлаушы 1,8 мың га) жеткізілді.
Суармалы жермен қоса жайылым жердің де маңыздылығына көңіл бөлініп келеді. Жайылым жерлерді құнарландыру арқылы алынатын өнімдің де сапасы артатыны белгілі. Сондықтан 2024 жылдың 18 шілдесінде Біріккен Ұлттар Ұйымының Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы мен Қазақстанның Ауыл шаруашылығы министрлігі арасында жасалған келісімге сәйкес Талас ауданындағы Бостандық, Ойық, Кеңес және Сарысу ауданындағы Игілік, Жайылма, Жаңаталап ауылдық округтерінің жайылымдық жерлерін қалпына келтіру жұмыстары жүргізіледі, - дейді басқарма басшысы.
Жалпы облыс бойынша 2025-2028 жылдары 5 мың гектар қоғамдық жайылымдық жер (Талас ауданында 3000 гектар, Сарысу ауданында 2000 гектар) қалпына келтіріледі деп жоспарланған.
Аймақта ауыл шаруашылығында өндірілген жалпы өнімнің 52 пайыздан астамы мал шаруашылығы саласына тиесілі. Қазір облыстағы жалпы мал басы 4,3 млн басты құраса, оның ішінде мүйізді ірі қара саны – 486,3 мың басты, қой саны - 3,6 млн басты, жылқы саны – 169,6 мың басты құрап отыр.
2024 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша облыстағы барлық санаттағы шаруашылықтарда асыл тұқымды:
- мүйізді ірі қара малдың үлесі 56,6 мың бас (13%);
- қойдың үлесі 436,2 мың бас (15%);
- жылқының үлесі 2,8 мың бас (2%);
- түйе 105 бас (1%) құрайды.
Жыл басынан бері салада 193,5 мың тонна сүт өндіріліп, 1,2%-ға артса, 93,5 мың тонна ет өндіріліп, 2,9%-ға артты. Сондай-ақ 1 554,2 тонна (233 тонна сиыр еті, 739,6 тонна қой еті, 0,2 тонна жылқы еті, 376,4 тонна құс еті және 205,0 тонна малдың ішкі өнімдері) ет экспортталды.