АШМ фермерлерден 1 млн тонна астықты тікелей сатып алмақ
Қаржыны Үкімет бөледі
Қазақстандық фермерлерден 1 млн тонна астықты тікелей сатып алуды жоспарлап отырмыз. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов айтты, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
«Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» АҚ түрлі сападағы астықты тікелей шағын шаруашылықтардан сатып алады. Өнім бағасы бекітілген.
Биыл фермерлерден 150 мың тонна астық сатып алынатын болды. Қалғаны 2025 жылдың қаңтарынан бастап алынады. Жалпы Үкіметтің қаржылық қолдауының нәтижесінде көрсеткішті 1 млн тоннаға жеткіземіз. Алдымен қаражат мәселесін шешіп алу керек, – деді Сұлтанов Сенаттың жалпы отырысынан кейін.
Оның айтуынша, қаржыландырудың екі жолы бар. Олар – бюджетті нақтылау кезінде алу, қаржыны Үкімет резервінен қарастыру.
«Астықты сатып алып қана қоймай, оны экспортқа шығаруға қолдау жасаймыз. Жалпы, 2025 жылы экспортқа 12 млн тонна астық шығаруды жоспарлап отырмыз», – деді министр орынбасары.