Ресей Қазақстаннан банан өсіруді үйренбек

Дәурен Ерболат

Қазір банан оңтүстік өңірде өсіріліп жатыр

Фото: Halyq Uni

Қазір Ресей тарапы банан өсіретін қазақстандық компанияның тәжірибесіне қызуғушылық танытып отыр. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов айтты, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Сенат кулуарында министрдің орынбасарына «Интерфаксте» «Ресей Қазақстанның банан өсіру тәжірибесіне қызығушылық танытты» деген ақпарат жарияланды. Осыған қатысты түсінік бере аласыз ба? Елімізде өсірілген банан Экводардан жеткізілетін өнімнен арзан ба?» деген сұрақ қойылды. 

Азат Сұлтанов қазір Түркістан облысында банан өсіріліп жатқанын жеткізді.

Бұл инвестициялық жоба жылына 1 мың тонна банан өсіруге мүмкіндік береді. Бұл жалпы банан импортының – шамамен 1%-ы. Қазір баға конъюнктурасы мен жеткізу шығынына байланысты осы бананның құны ішкі нарықта бәсекеге қабілетті болып тұр. Себебі, бүгінде (осы бананды өсіріп жатқан компания – автор) барлық партияны қайда жеткізетінін анықтап қойған. Халыққа өнім жете ме, жетпей ме? Өйткені, ірі (дүкендер) желісі өнімді ірі көлемде сатып алуға қызығушылық танытып отыр, - деді вице-минстр.

Ол мұндай өнімді өндіру үшін шығынды да есептеу керегін атап өтті.

Әріптестеріңіз біз апельсин, банан және мандаринді қашан өсіреміз?» деп сұрақ қойған. Мұндағы мәселе өндірістің рентабельділігіне байланысты. Эквадор мен Бразилиядағы климат өнімді шығынсыз өндіруге мүмкіндік береді. Жылыжайда электр, жылу, тыңайтқыш шығыны бар. Өсімдікті қорғау үшін арнайы құралдар керек. Ол да шығын. Қазір (бұл жоба) рентабельділікке шығуға мүмкіндік берді. Сондықтан Ресей Федерациясы еліміздегі жеке компанияның банан өсіру тәжірибесіне қызығушылық танытты. Бұл өнім нарықта бәсекеге қабілетті болып тұр, - деді Азат Сұлтанов.

Сондай-ақ министрдің орынбасары Түркістан облысы мен батыста зәйтүн ағаштарын өсіру жоспарда барын жеткізді.

«Біз тәжірибе жүргіздік. Нәтиже жақсы. Сондықтан біртіндеп осындай бірегей жобаларды іске асырамыз. Отандық өндірушілер дәстүрлі жеткізушілермен бәсекеге түсе алатын болады», - деді ол.