Halyq Uni логотип
×

«Латын Америкасына айналамыз»: депутат үкіметті қарыз алмауға шақырды

Қазақстан 3 шетелдік банктен қомақты қарыз алады

 Дәурен Ерболат 27.11.2024 | 17:12
«Латын Америкасына айналамыз»: депутат үкіметті қарыз алмауға шақырды
Фото: Halyq Uni

Депутат Ерлан Саиров Үкіметті шетелден орынсыз қарыз алмауға, бюджет қаржысын үнемдеуге шақырды, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар Азия даму банкінен, Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкінен және Халықаралық қайта құру және даму банкінен жалпы 190 млрд йена мөлшерінде қарыз алу туралы келісімді ратификациялады.

Қарыз мөлшері төмендегідей:

  • Азия даму банкінен – 52,3 млрд жапон йенасы (шамамен 350 млн доллар);
  • Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкінен – 52,7 млрд жапон йенасы (шамамен 350 млн доллар);
  • Халықаралық қайта құру және даму банкінен 84,9 млрд жапон йенасы (шамамен 600 млн доллар).

Ерлан Саиров шетелден қарыз ала беру мемлекет үшін қауіпті деген пікірде.

Ертең әлемде дағдарыс болса, ішкі және сыртқы қарызды қалай қайтарамыз? Бүгін Қазақстанның жалпы мемлекеттік қарызы – 63 млрд доллар. Оған қосымша 600 млрд теңге қарыз алып жатырмыз. 2025 жылдың бюджетінде тағы 4 трлн теңге ішкі қарыз тұр. Үкімет «Бұл ішкі қарыз» деп бізді сабырға шақырып отыр. Алайда ішкі қарыз бен сыртқы қарыздың арасында ешқандай айырмашылық жоқ. Ертең екеуі бюджетімізге үлкен салмақ болып түссе, еліміздің экономикалық өсімі азаятыны сөзсіз, - деді депутат.

Оның айтуынша, Қазақстан келесі жылы 2,5 трлн теңге қарызды қайтаруы керек.

«Енді осылай жалғаса берсе, біз Латын Америкасы елдерінің деңгейіне келіп қалуымыз ықтимал. Менің ойымша, Үкіметке қазірден бастап бюджетті оңтайландыруды қарастыруы керек. Қымбат көлік пен жиһаз, аймақтарда бюджеттің ақшасына салынып жатқан әртүрлі ірі құрылысты тоқтату керек, яғни әлеуметтік құрылыстан басқасын», - деді Ерлан Саиров.

Депутат бюджетте дефицит болса, қосымша қаржы қайдан алынатынын көрсету керегін айтты.

Мысалы, қазір квазимемлекеттік сектордағы әртүрлі ірі компаниялардың трлндаған теңгесі ірі банктердің депозитінде жатыр. Олар мемлекетімізге емес, олигархтарға жұмыс істеп жатыр. Бұл қаржы неге қайтарылмайды?

Сондықтан бүгін бұл мәселенің бәріне түсіністікпен қараймыз. Алайда ертең балаларымыздың тағдырына осы мәселе кері әсер етуі ықтимал. Шешім қабылдағанда осыны да ойлауымыз керек. 

Менің ойымша, қарыз алуға әуестенгеннен гөрі біз ішкі резервімізді қарастырып, квазимемлекеттік сектордан және бюджеттің ішіндегі эффектісі жоқ әртүрлі олигарх топтары лобби жасаған шығынның бәрін қарастырып шыққанымыз жөн, - деді ол.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама