Halyq Uni логотип
×

Ұлттық қордан 2 трлн теңге алынады: депутаттар бюджет туралы заңды қабылдады

Биыл бюджет тапшылығы 4 трлн теңгеге жуықтады 

 Дәурен Ерболат 27.11.2024 | 14:14
Ұлттық қордан 2 трлн теңге алынады: депутаттар бюджет туралы заңды қабылдады
Фото: Halyq Uni

Мәжілістің жалпы отырысында депуттар «2024 – 2026 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды қабылдады, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Қаржы министрі Мәди Тәкиев 2024 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылау туралы заң жобасы төмендегі параметрлер бойынша әзірленгенін жеткізді.

Біріншіден, республикалық бюджеттің кірісі (трансферттерді есептемегенде) салық түсімдерін 3,1 трлн теңгеге азайтуға және салықтық емес түсімдерді 1,1 трлн теңгеге ұлғайтуға байланысты 2 трлн теңгеге азайды.  Екіншіден, экономиканың өсу қарқынын төмендету тәуекелі жағдайында өңірлік өсу деңгейін ұстап тұру үшін, сондай-ақ биыл республикалық бюджеттің шұғыл шығыстарын қаржыландыруды қамтамасыз ету үшін, Ұлттық қордан берілетін нысаналы трансферт 2 трлн теңгеге ұлғайтылды, - деді министр жалпы отырыста.

Сондай-ақ ведомство басшысы биыл түсімдер 20,4 трлн теңге деңгейінде болады деп болжанғанын жеткізді.

2024 жылғы кірістер трансферттерді есепке алмағанда – 14,1 трлн теңге. Биыл бюджет тапшылығы 3,7 трлн теңге немесе жалпы ішкі өнімге (ЖІӨ) 2,7% деңгейінде болады деп болжанып отыр. Бюджет шығысы – 24,1 трлн теңге. Бұл көрсеткіштер кепілдік берілген трансферт, шығыстардың өсу қарқыны мен бюджет тапшылығы бойынша бюджеттік қағидаларға сәйкес келеді, – деді ол.

Дауыс беру нәтижесінде депутаттар бюджет туралы заңды қабылдады.

Бұған дейін аталған құжатты Сенат Мәжіліске қайтарған еді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама