Еуропалық қайта құру және даму банкі еліміздегі әлеуметтік жобаларды қолдамақ
Бұған дейін де банк бірқатар жобаға атсалысқан
Еуропалық қайта құру және даму банкі Қазақстандағы әлеуметтік жобаларды қолдауға әзір, деп хабарлайды Halyq Uni.
Премьер-министр орынбасары Тамара Дүйсенова Еуропалық қайта құру және даму банкінің Орталық Азия және Моңғолия бойынша басқарушы директоры Хусейн Озханмен кездесті, деп мәлімдеді Үкімет.
Ең алдымен вице-премьер қаржы институтының қолдауымен экономиканың нақты секторында бірқатар жобаның сәтті жүзеге асырылғанын атап өтті. Банк мемлекеттік жеке меншік әріптестік негізде Көкшетауда аурухана құрылысына қатысып жатыр. Тамара Дүйсенова қаржы институты өкілдерін әлеуметтік саладағы әріптестікті кеңейтуге шақырды, – делінген ақпаратта.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен білім саласы инфрақұрылымын жақсарту бойынша шаралар іске асырылып жатқаны атап өтілді. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында мектептер салынып жатыр. Алдағы үш жылда 1300 орта білім беру нысанына күрделі жөндеу жүргізу және оларды заманауи пән кабинеттерімен жабдықтау жоспарланып отыр. Осыған байланысты, премьер-министр орынбасары халықаралық қаржы институты өкілдерін бірлесе жұмыс істеуге шақырды.
Хусейн Озхан өз кезегінде ЕҚДБ әлеуметтік саладағы әріптестікті дамытуға дайын екендігін мәлімдеді. Сондай-ақ, ол ұсынылып отырған жобаларды мүдделі мемлекеттік органдармен, өзге де халықаралық институттармен бірлесе қарастыруға әзірлігін жеткізді.