Қарағанды облысында 161 мың гектар жер мемлекетке қайтарылды
Бұл – биылғы көрсеткіш
Қарағанды облысында жерді қайтару жоспары артығымен орындалды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Биыл атқарылған жұмыстардың нәтижесінде Қарағанды облысы бойынша 161 064,0 гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер мемлекетке қайтарылып, Жер ресурстарын басқару комитеті 2024 жылға межелеген пайдаланылмай жатқан және Қазақстан заңнамасын бұзып берілген 130 000,0 га жерді қайтару жөніндегі жоспар 23,9%-ға артығымен орындалды.
Қарағанды облысының жер ресурстарын басқару департаменті тарапынан жердің пайдаланылуы мен қорғалуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру барысында жер пайдаланушылар 11,5 мың гектар жерді игеруге кірісті, заңсыз берілген 4 050 га жердің жалдау шартының күші жойылды, сот шешімі бойынша 12 мың гектар жер мәжбүрлеп алынып , 6 335 га бойынша істер сотта қаралып жатыр, – деп мәлімдеді Ауыл шаруашылығы министрлігі.
Сонымен қатар, облыс бойынша қайтарылған жерлердің 94,3 мың гектары ерікті түрде бас тарту жолымен, ал 46,7 мың гектары жалдау шартының мерзімі өту себебімен қайтарылды.