Павлодардан Орталық Азияда теңдесі жоқ алтын өндіру кәсіпорны ашылады
Жылына 300 мың тонна концентраттан 15 тонна алтын өндіріледі
Павлодар облысында Орталық Азияда теңдесі жоқ алтын өндіру кәсіпорны салынады. Бұл өндіріс жылына 15 тонна алтын өндіруге мүмкіндік береді, деп хабарлайды Halyq Uni облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бұл жобаны «Ертіс гидрометаллургиялық комбинаты» ЖШС іске асырады. Жобаның негізгі бөлігі – жоғары көміртекті сульфидті алтын құрамды концентраттарды өңдейтін гидрометаллургиялық цех. Бұл технология экологиялық тұрғыдан ең қауіпсіз әдіс. Кәсіпорын екі өндірістік кешеннен тұрады. Олар алтын, күміс және мыс құрамды концентраттарды өңдейді, - деп жазылған хабарламада.
Жаңа зауытта автоклавты сілтілеу технологиясы қолданылып, өнім ретінде алтын-күміс қоспасы шығарылады. Бұл қоспа одан әрі тазарту және Ұлттық банкке өткізу үшін аффинаж зауыттарына жөнелтіледі.
- Өндіріс көлемі: жылына 300 мың тонна концентратты өңдеу жоспарланған. Бұл көлемнен 15 тонна алтын өндіріледі.
- Инвестиция көлемі: жобаның құны – 930 млн АҚШ доллары немесе 465 млрд теңге.
- Жұмыс орындары: кәсіпорын 500 адамды тұрақты жұмыспен қамтиды.
- Орындалу мерзімі: жоба 2024-2028 жылдар аралығында іске асады.
Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сықақов инвесторлармен кездесу барысында өңірдегі бизнесті жүргізудің артықшылықтарын және инвестициялық саясаттың басымдықтарын таныстырды. Жобаның маңыздылығын атап өткен өңір басшысы оның сәтті іске асырылуы үшін барлық қажетті қолдауды көрсетуге дайын екенін айтты.