Субсидия, отын мен тынайтқыш. Жамбыл облысында шаруаларға қандай қолдау көрсетіледі

Халық үні

Биыл өңірде 11 мыңнан астам шаруа субсидия алған

Фото: Halyq Uni

Биылғы жылдың 10 айында Жамбыл облысының шаруаларына 19,7 млрд теңгеге субсидия берілді. Бұл сомаға өңірдегі 11 мыңнан астам шаруа кәсібін жандандырды, деп хабарлайды Halyq Uni.

Облыс әкімдігінің мәліметінше, 2024 жылдың 9 айында ауыл шаруашылығы саласында 348 млрд.теңгеге өнім өндірілген. Субсидиядан бөлек, қаржы институттары арқылы 1 045 агроқұрылым 15,2 млрд.теңгеге несие алды.

Айта кетейік, облыстағы күзгі егін жинау жұмысына 10 мың бірлік техника жұмылдырылды, бүгінде 421 жаңа техника сатып алынып, жаңару көрсеткіші 7,4 пайызды құрады. Бұдан бөлек, жиын-терім жұмыстарына деп өңірге бөлінген 11,4 мың тонна дизель отынының 8,4 мың тоннасы жеткізілді. Оның 7,4 мың тоннасы бағасы 1 литріне 250 теңгеден фермерлерге үлестірілді.

Сондай-ақ өңірде жыл сайын минералды тыңайтқыштарды пайдалану көлемі артып келеді. 2024 жылы 415,4 мың гектар алқапқа 83,1 мың тонна тыңайтқышты енгізу жоспарланған. Бүгінде 1 мыңнан аса шаруа 370 мың гектар жерге 74,2 мың тонна минералды тыңайтқышты пайдаланды. Мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде биыл өңірде дәнді-дақылдарды жинау табысты нәтиже көрсетіп отыр.

«Атап айтқанда 626,7 мың гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылы егіліп, 352,9 мың гектар алқаптағы масақты дәнді дақыл толықтай орылып, 586,4 мың тонна астық жиналды. Масақты дәнді дақылдардан алынған орташа өнімділік өткен жылмен салыстырғанда 10 ц/га-дан 16,6 ц/га-ға дейін өскенін атап өткен жөн. Қазір облыста картоп, майлы дақылдар, көгөніс, бақша және қант қызылшасын жинау жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Биыл 3,8 млн.тоннадан астам өнім алу жоспарланған», - деді әкімдікте.

Сонымен қатар, биыл өңір диқандары 600 мың тоннадан астам қант қызылшасын жинап, өңдеу жоспарлап отыр. Бүгінде Меркі қант зауыты 450 мың тонна шикізат қабылдайды, қалғаны Ақсу қант зауытында қайта өңделеді. Бүгінгі күнге 15,5 мың тоннаға жуық өнім өткізілді. Шикізатты тасымалдау шығындары берілетін субсидияның нормативін 25 теңгеден 45 теңгеге көтеру есебінен өтеледі.

Үкімет тарапынан Меркі қант зауытына көмек көрсетіліп жатыр. Мысалы, зауыттың айналым қаражатын толықтыруға Аграрлық несие корпорациясының «Кең дала - 2» бағдарламасы аясында жеңілдетілген несие берілді.  Бұған қоса, аталған зауытқа өткізілген өнімді жергілікті бюджет есебінен субсидиялау басталды (бағдарлама бойынша қалған 172 млн.теңге шаруаларға төленуде). Қолда бар қаржымен 6,8 мың тонна өнім субсидияланды. 600 мың тоннаға жуық өнімді субсидиялау үшін республикалық бюджеттен тағы 16 млрд.теңге бөлу жоспарланып отыр.

Биыл Меркі ауданының диқандары 3 771 гектар алқапқа қант қызылшасын еккен. Облыс әкімдігі қант қызылшасын өткізуде туындайтын проблеманың алдын алуды көздейтін іс-шараларды қабылдап жатыр. Атап айтқанда, Меркі қант зауытына жақын жерден қосымша қызылша қабылдауға арналған екі алаң құрылады. Осылайша өңір басшылығы ұзын-сонар кезектің алдын алмақ.

Сондай-ақ «Меркі қант зауыты» ЖШС-не мемлекет тарапынан жеңілдетілген несие беріледі. Өндіріс ошағы бұл қаржы арқылы шаруалар алдындағы берешегін өтейді. Оның ішінде қабылдаған қант қызылшасы үшін 15 теңге, 100 шақырымнан астам қашықтықта орналасқан шаруаларға тасымалдау шығындары үшін 3 теңгеден берілетін болады.