Үкіметте астықты терең өңдеу бойынша жобалар талқыланды
Былтыр астықтан өңделген өнім экспортының көлемі едәуір өскен
Үкіметте вице-премьер Серік Жұманғариннің төрағалығымен астықты терең өңдеуді дамыту бойынша кеңес өтті, деп хабарлайды Halyq Uni.
Ақпаратқа сәйкес, бүгінде осы салада 3 зауыт жұмыс істейді. Іске асыру сатысында тағы 4 жоба бар.
2023 жылы Қазақстанда барлығы 111 мың тонна крахмал өнімдері өндірілді. Бұл 27,7 мың тонна жүгері крахмалы, 2022 жылы бұл көрсеткіш 15,5 мың тоннаны құрады; 21,1 мың тонна бидай крахмалы, 2022 жылғы көрсеткіш 19,7 мың тонна болды; 51,8 мың тонна крахмал сірнесі, 2022 жылғы көрсеткіш – 57,3 мың тонна; 10,1 мың тонна глютен, 2022 жылы бұл көрсеткіш 10,7 мың тоннаны құрады, – деп мәлімдеді АШМ вице-министрі Азат Сұлтанов.
Сондай-ақ, былтыр астықтан өңделген өнім экспортының көлемі едәуір өскені атап өтілді.
2028 жылға дейін астықты терең өңдеу бойынша тағы үш жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Қазақстандық «Qostanai Grain Industry» ЖШС Қостанай облысында жылдық қуаты 415 мың тонна астықты терең өңдеу жобасын бастады. Кәсіпорын лизин, глютен, биоэтанол, көмірқышқыл газын шығаратын болады. Пайдалануға беру мерзімі – 2027 жыл, 650 жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр, – делінген министрлік хабарламасында.
Түркістан облысында «Қазкрахмал» ЖШС крахмал өнімдерін өндіру үшін жүгеріні өңдеуді жоспарланып отыр. Қайта өңдеу қуаты – жылына 100-150 мың тонна. Пайдалануға беру мерзімі – 2026 жыл. 500 жұмыс орнын ашу көзделеді.
Сондай-ақ, Түркиялық Tiryaki Agro компаниясы Катарлық Hassad Food компаниясымен бірлесіп, Астанада қуаты жылына 240 мың тонна астықты терең өңдеу бойынша жобаны бастады. Крахмал, глютен, глюкоза-фруктоза шәрбаты түріндегі соңғы өнімдерді әлемдік нарықтарға экспорттау жоспарланған. Пайдалануға беру мерзімі – 2026 жыл. 250 жұмыс орнын ашу көзделіп отыр.
Қазір жалпы қуаты жылына 2 млн тоннадан асатын бидай мен жүгеріні терең өңдеу бойынша тағы 4 инвестициялық жоба бойынша келіссөздер жүргізіліп, пысықталып жатқаны айтылды.
Вице-министр Азат Сұлтановтың айтуынша, Қазақстанда өндірілетін астық көлемі барлық қолданыстағы және жаңа қуаттарды жүктеу үшін жеткілікті.