Бұған қоса, тағы бір ерекше монета шығарылмақ
Ұлттық банк ASTANA QALASYNYŃ BAS MESHITI және FATIMA QOLY коллекциялық монеталарын айналысқа шығарады, деп хабарлайды Halyq Uni.
Қазақстан Ұлттық банкі (ҚҰБ) «Қазақстанның мешіттері мен шіркеулері» сериясынан ASTANA QALASYNYŃ BAS MESHITI және «Сиқырлы нышандар» сериясынан FATIMA QOLY коллекциялық монеталарын айналымға шығарады.
Коллекциялық монеталар ҚҰБ интернет-дүкені арқылы сатылады. ASTANA QALASYNYŃ BAS MESHITI монетасы 2024 жылғы 25 қарашадан бастап, ал FATIMA QOLY 28 қарашада айналысқа шығады, – деп мәлімдеді Ұлттық банк.
ASTANA QALASYNYŃ BAS MESHITI монетасы «Қазақстанның мешіттері мен шіркеулері» сериясын жалғастырады. Монета 2022 жылы есігін айқара ашқан Астана қаласының орталық мешітіне арналған. Бұл мешіт – Қазақстан мен Орталық Азиядағы ең ірі мешіт. Монета дизайнында Астана қаласының орталық мешітінің айшықталған бейнесі және мұсылманша сәлемдесуді білдіретін араб тіліндегі жазу бар. Монеталар 925 сынамды күмістен дайындалған. Массасы – 31,1 грамм, диаметрі – 38,61 мм, номиналы – 1000 теңге, таралымы – 1000 (бір мың) дана.
Монета бейнесі
FATIMA QOLY (Фатима қолы) монетасы – «Сиқырлы нышандар» сериясының алтыншы монетасы. Монета дизайнында әртүрлі ел мәдениетінде белгілі ашық алақан түріндегі қорғаныш тұмарының өрнектеліп айшықталған бейнесі берілген. Монеталар эмаль жағу және алтын жалату технологиясын қолдану арқылы 925 сынамды күмістен дайындалған. Массасы – 31,1 грамм, диаметрі – 38,61 мм, дайындау сапасы – antique silver, номиналы – 1000 теңге, таралымы – 3000 (үш мың) дана.
Монета бейнесі
Коллекциялық монеталар Қазақстанның бүкіл аумағында өздерінің белгіленген құнына сай төлемнің барлық түрі бойынша қабылдауға, сондай-ақ елдің барлық банкінде банк шоттарына есепке алуға, аударуға, ұсақтауға және айырбастауға жатады. Коллекциялық монеталар Қазақстан теңге сарайында дайындалды.