«Халықтың табысы өспей жатыр». Қазақстандықтар шетелде жұмыс істеуге мәжбүр болмай ма?
Еліміздегі төменгі жалақы 85 мың теңге
Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров Қазақстан азаматтарына шетелде жұмыс істеу қаупі төніп тұрмағанын айтты, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Сенаттың жалпы отырысынан соң министрге «Қазір халықтың табысы өспей жатыр. Қазақстан экономикасы 4% өсім көрсеткенімен, одан халықтың табысы өскен жоқ. Еліміздегі орташа жалақы 400 мың теңге дейді, бірақ халық 85 мың теңге, 150 мың теңге жалақы алатынын айтады. Болашақта қазақстандықтар жақсы өмір сүруі үшін шетелде істеуге мәжбүр болмай ма?» деген сұрақ қойылды.
Экономика министрі Нұрлан Байбазаров сауалға ойланып жауап берді.
Жыл сайын экономикада 1 млн-ға жуық жаңа жұмыс орындары құрылып жатыр. Бұл үрдіс әлі жалғасады.... Менің ойымша, Қазақстанда тиісті жұмыс орындары болады. Мұндағы жағдай адамға және қандай мамандықты таңдағанына да байланысты. Қазір бізге техникалық мамандықтар керек .Соған баса көңіл бөліп жатырмыз. Мемлекеттің мақсаты – жұмыс орындарын құру және ұсыну, бизнес ашуға қолайлы жағдай жасау, - деді министр.
БАҚ өкілі қазақстандықтарға шетелден жұмыс іздеу қажет пе деп сұрады. Министр бұл сұраққа оптимизммен жауап берді.
Елімізде шетелде жұмыс істеп жатқан азаматтарымыз бар. Олар жақсы жұмыс тауып, үлкен келісімшартқа отырып, (шетелге) кетіп жатыр. Мысалы, мұнай-газ саласы, цифрлық технология саласында (еңбек ететін) талантты жастарымыз мен мамандарымыз бар. Біз оған қарсы емеспіз. Сіз қара жұмысты айтып отырсыз. Мен бізде ондай үрдіс болмайды деп ойлаймын», - деді Нұрлан Байбазаров.