Қазақстан Азия елдерімен іскерлік байланысты нығайтуға ниетті
Кеңеске мүше елдердің экономикалық әлеуеті зор
Астанада АӨІСШК Іскерлік кеңесінің 7-отырысы өтті, деп хабарлайды Halyq Uni.
Іс-шараға Азиядағы өзара іс-қимыл мен сенім шаралары жөніндегі кеңестің (АӨІСШК) бас хатшысы Қайрат Сарыбай, Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев, «Атамекен» ҰКП төралқа төрағасы Райымбек Баталов, Қазақстанның сыртқы сауда палатасының басқарма төрағасы Мұрат Қарымсақов, Әзірбайжанның шағын және орта бизнесті дамыту агенттігінің (KOBIA) басқарма төрағасы Орхан Маммадов және тағы басқалары қатысты.
Жиында төмендегі мәселелер талқыға салынды:
- Шағын және орта бизнесті дамыту үшін жасанды интеллекті пайдалану;
- Электронды коммерцияны дамыту есебінен трансшекаралық сауданы кеңейту;
- Логистика және инфрақұрылым саласындағы жаңа міндеттерді айқындау;
- АӨІСШК елдерінде шағын және орта бизнестегі әйелдердің құқығы мен мен мүмкіндігін кеңейту;
- Шағын және орта бизнестегі тұрақты дамудың басымдығын айқындау.
Мұрат Қарымсақовтың пікірінше, АӨІСШК үкіметаралық форумы – 28 мемлекеттің мүддесін біріктіретін беделді халықаралық құрылым.
АӨІСШК Іскерлік кеңесіне мүше елдер мол табиғи ресурсқа, аумақтық артықшылыққа, сондай-ақ жоғары технология мен адами капиталға ие. Аталған кеңес өзін АӨІСШК елдерінің бизнес-қауымдастығын дамыту үшін маңызды және тиімді платформа ретінде көрсетті, - деді Қазақстанның сыртқы сауда палатасының басқарма төрағасы.
Кеңес азиялық кәсіпкерлер арасындағы байланысты нығайтуға ықпал етеді.
Бүгін біз шағын және орта бизнесті (ШОБ) дамытуға бағытталған бірлескен жобаларды іске қосу, халықаралық әріптестік және тәжірибе алмасу мәселесін талқылаймыз. Жасанды интеллекті пайдалану, тұрақты даму, логистика және инфрақұрылым, трансшекаралық сауда сияқты салалардағы өзара іс-қимыл кәсіпкерлерге халықаралық нарыққа шығып қана қоймай, жаһандық экономиканың толық мүшесі атануға мүмкіндік береді, - деді Мұрат Қарымсақов.
Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев Азияның экспорт көлемі жылдам өсіп келе жатқанын, биыл көрсеткіш 7,4%-ға пайызға артқанын жеткізді. Бірақ сыртқы факторлар Қазақстанның АӨІСШК елдерімен сауда қарқынына теріс әсерін тигізіп отыр.
«Мысалы, 2024 жылғы қаңтар-қыркүйек айларында Қазақстан мен АӨІСШК елдері арасындағы тауар айналымы 56,2 млрд доллар болды. Бұл 2023 жылдың дәл осы кезеңімен салыстырғанда 6,9%-ға төмен. Биыл 9 айда Қазақстаннан АӨІСШК елдеріне экспорт көлемі 9,8%-ға төмендеп, 26,8 млрд доллар болды. 9 айда АӨІСШК елдерінен импорт 4,1%-ға азайып, көрсеткіш тек 29,3 млрд долларға жетті», - деді министрдің орынбасары.
Вице-министр Қазақстан Азия елдерімен сауда-экономикалық байланысты нығайтуға ниетті екенін атап өтті.
Экспорттық әлеуетті кеңейту, Қазақстан өнімдерін ілгерілету, инвестиция мен инновациядағы ынтымақтастықты тереңдету үшін қолайлы жағдай жасауға тырысып жатырмыз. Министрлік отандық өнімдерді дамытуға және шетелдерде ілгерілетуге баса мән береді. Экспортқа бағдарланған кәсіпорындарды қолдаймыз және дамытамыз. Биыл бизнес үшін сауда процесін жеңілдетуге, әкімшілік кедергілерді қысқартуға бағытталған бірқатар бастаманы іске қостық. Бастамаларымыз тұрақты экономикалық өсім мен әл-ауқатты арттыруға септігін тигізеді, - деді Қайрат Төребаев.