Доллар 500 теңгеге тең болып тұр
Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев доллар бағамының өсуі қазақстандықтардың төлем қабілетіне әсер етпейтінін, импорт тауарлардың басым бөлігі Ресей мен Қытайдан жеткізілетінін айтты, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Үкіметтің баспасөз орталығында министрге «Қазір бір доллар 500 теңге тұрады. Бұл жағдай қазақстандықтардың төлем қабілетіне әсер ете ме? Доллардың қымбаттауына байланысты Қазақстан қандай тауарларды шетелден сатып алмауы мүмкін?» деген сұрақ қойылды.
Арман Шаққалиев доллар бағасы макрофакторларға әсер ететінін атап өтті.
Импорт тауарлар Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдерден жеткізіледі. Олар – Ресей, Беларусь және Қырғызстан. Қытайды және Өзбекстан, Тәжікстанды да атап өтуге болады. Біз олармен доллармен есеп айырыспаймыз. Қазақстан мен Ресей теңге-рубль арқылы, Қытаймен юань-теңге арқылы есеп айырысамыз. Сондықтан біз аптасына бір мониторинг жүргіземіз. Қазіргі индексті алсақ, осы айда (тауар бағасы – автор) 0,2%-ға өскенін байқап отырмыз. Оған доллардың қатысы жоқ. Ол – маусымаралық тенденция, - деді министр.
Сондай-ақ БАҚ өкілі «Қазақстанға банан, апельсин және тағы басқа жемістер шетелден жеткізіледі. Оларды біз доллармен сатып аламыз. Сіздің ойыңызша, жемістер қымбаттауы мүмкін бе?» деп сұрады.
Ведомство басшысы жемістер Ресей аумағынан жеткізілетінін атап өтті.
Елімізге жеткізілетін бананның 70%-ы Ресей арқылы келеді. Біз осы тауар үшін Ресейге доллар емес, рубльмен төлейміз, - деді Арман Шаққалиев.
Журналист «Демек, доллардың қымбаттауы бізге банан жеуімізге әсер етпейді ғой?» деп сұрағын нақталады.
Министр жемістердің бағасы өспегенін атап өтті.
«Мұндай тенденция жоқ. Бірақ жаңа жылдың алдында тауар бағасына өсім байқалады. Оны жыл сайын байқаймыз. Яғни маусымаралық кезеңде ондай тенденция бар. Бірақ мұның доллар мен теңге бағаманың өзгеруіне қатысы жоқ», - деді министр.