Ұлттық банк мәлімдеме жасады
Қазақстанда барлық салада дайын өнімге деген сұраныс артып келеді, деп хабарлайды Halyq Uni.
2024 жылдың III тоқсанында экономиканың нақты секторындағы кәсіпорындарда жүргізілген сауалнама (салалық конъюнктуралық шолу) нәтижесі бойынша ҚР ҰБ Ақша-кредит саясаты департаменті директорының орынбасары Денис Чернявскийдің түсіндірмесі жарияланды, деп мәлімдеді Ұлттық банк.
Нақты сектордағы кәсіпорындарда жүргізілген сауалнама қорытындысы 2024 жылдың III тоқсанында дайын өнімге сұраныс артқанын көрсетті. 2024 жылдың IV тоқсанында өңдеу өнеркәсібін қоспағанда, экономикада сұраныстың баяулауы күтіледі. 2024 жылдың III тоқсанында сату көрсеткішінің рентабельділігі ауыл шаруашылығы мен сауданы қоспағанда, түгелдей экономика бойынша өсті. Тау-кен өндіру өнеркәсібі барынша рентабельді сала болып қалып отыр, – деп қосты ведомство.
2024 жылдың III тоқсанында шикізат пен материал бағасының өсімі баяулағаны байқалды. Ауыл шаруашылығын қоспағанда, барлық салада дайын өнім бағасының өсуі де бәсеңдеді. 2024 жылдың IV тоқсанында құрылыс пен ауыл шаруашылығын қоспағанда, экономикада шикізат пен материалдар және дайын өнім бағасының өсу қарқынының баяулауы күтіледі. 2024 жылдың III тоқсанында ауыл шаруашылығын қоспағанда, барлық салада өндіріс көлемінің ұлғайғаны байқалды. 2024 жылдың IV тоқсанында тау-кен өндіру өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығын қоспағанда, өндіріс көлемінің бәсеңдеуі күтіледі.
Сауалнамаға тау-кен өндіру және өңдеу өнеркәсібі, құрылыс, сауда, ауыл шаруашылығы, көлік пен қоймада сақтау салаларында барлығы 2,7 мыңнан астам кәсіпорын қатысты.