Бір айда 20 теңгеге жуық қымбаттады
Доллар курсы бір айда шамамен 19 теңгеге қымбаттады. Қазір Астанадағы ақша айырбастау орындарында 500 теңгеден сатылып жатыр, деп хабарлайды Halyq Uni.
Алматыдағы айырбас орындарында ең қымбаты 499,7 теңге деп тұрса, Астанада бүгін 500 теңгені бағындырды.
Ұлттық банк кестесінде 22 қазан күні АҚШ валютасының құны 481,68 теңге болған еді. Содан бері баға тұрақты көтеріліп, қазіргі ресми бағам 495,95 теңге болып тұр. Ал нарықта одан біраз қымбатқа сатылып жатыр.
Айта кетейік, апта бұрын Қаржыгерлер қауымдастығы доллар бағамын бір жылдан кейін 507 теңгеге жететінін болжаған еді.
Бұған дейін сарапшылардың монетарлық инфляцияның жоғарылығынан девальвация күтетінін жазған едік. Оның үстіне, қаржыгерлер мүдделі тараптар теңгенің нығаюына жол бермейтінін айтқан болатын.