Қазақстанда банк менеджерлерінің «сұр тізімі» жасалып жатыр

Ербол Тұрымбет

Оған кіргендер қаржылық ұйымдарда лауазымдарға тағайындала алмайды

Фото: Halyq Uni

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінде «сұр тізім» жасалып жатыр, оған кірген қаржы нарығындағы басқарушы қызметкерлер бұдан былай қаржылық ұйымдарда басқа лауазымдарға тағайындала алмайды. Бұл туралы Агенттік төрағасы Мәдина Әбілқасымова Қазақстан қаржыгерлерінің ХІІ конгресінде айтты, деп хабарлайды Halyq Uni.

Агенттік басшысының сөзінше, банктердегі корпоративтік басқару деңгейін бағалау Қазақстанның банктік жүйесінде 2019 жылдан бастап жүзеге аса бастады. Осы кезеңде стандарттар белгіленіп, Еуропалық Орталық Банктің әдістемесіне негізделген SREP әдіснамасы бойынша бағалау жүргізілді.

Соңғы 20 жылдағы банк саласында қалыптасқан түйткілдер мен кейін соларды құтқаруға мемлекеттің орасан қаражаты шығындалғаны үшін корпоративтік басқару ғана кінәлі деуге келмес. Дегенмен, көп себептің бірі осы. Өйткені банктердің акционерлері директорлар кеңесі арқылы банктің басқарушы төрағасы мен менеджментіне ықпал жасап, бірақ өздеріне еш жауапкершілік алмады. Ал қазір бұл жауапкершілік анық белгіленген, атап айтқанда, басқарушы органдар мен басқарма мүшелерінің жауапкершілігі нақтыланған. Үлкен несиелер беру немесе салымшылардың ақшасын ауқымды жобаларға инвестициялау туралы шешімдерді басқарма қабылдайды. Бұл дегеніңіз акционерлердің тікелей жауапкершілігі, – дейді Мәдина Әбілқасымова.

Сонымен қатар, банктердің қаржылық жағдайы нашарласа, бұл да акционерлердің тікелей жауапкершілігі екенін нақтылады. Ондай жағдайда акционерлер банктердің капиталын толықтырып немесе басқа да шаралар қабылдануы керек. Жаңа банктік реттеу парадигмасы аясында акционерлер мен басқарма мүшелеріне талап күшейген. Әлбетте, бұл жерде банк менеджментінің де жауапкершілігі төмендемейді.

Біз банктердің менеджментіне, төрағаларына, орынбасарларына, басқарма мүшелеріне қатысты талаптар қойдық. Бірақ банктер де белгілі бір тұлғаны қызметке тағайындар кезде ол талаптарға сай келмесе, оларды түрлі лауазымға тағайындап, агенттік талаптарын айналып өтуге тырысатын болған. Мысалы, оларды кеңесші, басқарушы директор етіп тағайындайды немесе жаңа лауазым ойлап табады. Сөйтіп, агенттікпен келісуді қажет ететін функцияларды соларға беріп қояды, – дейді агенттік төрағасы.

Сондықтан агенттік бұл мәселемен жұмыс істеліп жатқанын айтты. Мәселен, сол тұлғаларға талап қоюмен бірге, олар тексеріледі. Құр кеңесші болғанымен, қомақты несие беру туралы шешімдерге ықпал ете алатындай болса, олар қаржылық ұйымдардың ішіндегі талаптар бойынша бақылауға алынады.

Мәдина Әбілқасымованың сөзінше, 2008 жылдан кейінгі банк жүйесіндегі барлық проблема, әсіресе, қайтарымсыз несиелердің берілгені, тиісті бағалау жүргізілместен немесе біле тұра қайтарылмайтын несиелер берілгені – барлығына қатысты нақты тұлғалар шешім қабылдаған. Сол үшін арнайы «сұр тізім» жасалып жатыр, оған кірген басқарушы қызметкерлер бұдан былай қаржылық ұйымдарда басқа лауазымдарға тағайындала алмайды.