Қазақстан мен Солтүстік Македония іскерлік топтар арасындағы қатынасты дамытады

Қымбат Елтайқызы

Қос мемлекет бірқатар келісімге келді

фото: akorda.kz

Мемлекет басшысы Солтүстік Македония Республикасының президенті Гордана Силяновска-Давковамен кездесті, деп хабарлайды Halyq Uni.

Ақорда мәліметінше, Дүниежүзілік климат саммиті аясында Қасым-Жомарт Тоқаев Солтүстік Македония президенті Гордана Силяновска-Давковамен кездесу өткізді. Мемлекет басшысы Солтүстік Македонияны Қазақстанның Еуропадағы маңызды серіктесі ретінде атап өтіп, басым бағыттар бойынша ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі екенін жеткізді.

Өз кезегінде, Гордана Силяновска-Давкова екіжақты байланысты нығайтуға қосқан үлесі үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтып, өзара ықпалдастықты жандандыруға мүмкіндік мол екенін мәлімдеді. Сонымен қатар, Солтүстік Македония президенті Қазақстанның Орта держава ретінде халықаралық аренадағы рөліне жоғары баға берді, – делінген ақпаратта.

Әңгімелесу барысында сауда-экономика және инвестиция салаларындағы ынтымақтастық аясын кеңейту перспективасына, екі ел азаматтары үшін виза режимін оңтайландыру мәселесіне айрықша мән берілді. Тараптар Қазақстан мен Солтүстік Македонияның іскерлік топтары арасындағы қарым-қатынасты дамыту жөнінде уағдаласты.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Гордана Силяновска-Давкованы Қазақстанға сапармен келуге шақырды.