Кешенді жоспар оң макроэкономикалық әсер берді деген қорытынды жасалды
Төрт жыл ішінде республикалық бюджетке жекешелендірілетін ұйымдарды сатудан 578,8 млрд теңге түскен. Бұл туралы ақпарат Үкіметтің «Жекешелендірудің 2016-2020 жылдарға арналған кешенді жоспары» орындалғаннан кейінгі әлеуметтік-экономикалық әсерге жүргізген талдау қорытындысында берілді, деп хабарлайды Halyq Uni.
Жоғары аудиторлық палата бұған дейін жекешелендіру саласындағы мемлекеттік саясаттың тиімділігіне аудит жүргізген болатын. Ол бойынша ұлттық холдингтер мен ұлттық компаниялардың тиісті кешенді жоспарларының мемлекет дамуына тигізетін әсерін бағалау бірқатар себептерге байланысты қиын екені атап өтілді. Осыған байланысты Үкіметке талдау жүргізу мүмкіндігін қарау ұсынылды.
Нәтижесінде Ұлттық экономика министрлігі әлеуметтік-экономикалық әсерді айқындау үшін жекешелендірілген 771 ұйым бойынша статистика мен салық органдарының деректерін талдады. Бұл тұжырымдар кейіннен Мемлекеттік активтер мен квазимемлекеттік секторды басқару жөніндегі ұлттық баяндамаға енгізілді, – делінген Палата ұсынған ақпаратта.
Атап айтқанда, мынадай нәтижелер белгіленді:
Жалпы жүргізілген талдау «Жекешелендірудің 2016-2020 жылдарға арналған кешенді жоспарының» орындалуы оң макроэкономикалық әсер бергенін көрсетеді. Мәселен, мемлекеттің экономикаға қатысу үлесі ЖІӨ-ге қатысты 18,3%-дан 14,6%-ға дейін төмендеді. Сонымен қатар жекешелендірілген ұйымдар қызметінің бейіні мен жұмысшылардың штат санын сақтау қамтамасыз етілді, – делінген хабарламада.