Жекешелендірілетін ұйымдарды сатудан бюджетке 578,8 млрд теңге түсті
Кешенді жоспар оң макроэкономикалық әсер берді деген қорытынды жасалды
Төрт жыл ішінде республикалық бюджетке жекешелендірілетін ұйымдарды сатудан 578,8 млрд теңге түскен. Бұл туралы ақпарат Үкіметтің «Жекешелендірудің 2016-2020 жылдарға арналған кешенді жоспары» орындалғаннан кейінгі әлеуметтік-экономикалық әсерге жүргізген талдау қорытындысында берілді, деп хабарлайды Halyq Uni.
Жоғары аудиторлық палата бұған дейін жекешелендіру саласындағы мемлекеттік саясаттың тиімділігіне аудит жүргізген болатын. Ол бойынша ұлттық холдингтер мен ұлттық компаниялардың тиісті кешенді жоспарларының мемлекет дамуына тигізетін әсерін бағалау бірқатар себептерге байланысты қиын екені атап өтілді. Осыған байланысты Үкіметке талдау жүргізу мүмкіндігін қарау ұсынылды.
Нәтижесінде Ұлттық экономика министрлігі әлеуметтік-экономикалық әсерді айқындау үшін жекешелендірілген 771 ұйым бойынша статистика мен салық органдарының деректерін талдады. Бұл тұжырымдар кейіннен Мемлекеттік активтер мен квазимемлекеттік секторды басқару жөніндегі ұлттық баяндамаға енгізілді, – делінген Палата ұсынған ақпаратта.
Атап айтқанда, мынадай нәтижелер белгіленді:
- квазимемлекеттік сектор субъектілерінің ҚР-дың жалпы ішкі өніміне қосқан үлесі 2016 жылғы 8,6 трлн теңгеден 2020 жылы 10,3 трлн теңгеге дейін өсті;
- жекешелендірілген ұйымдар бойынша негізгі капиталға инвестициялар көлемі 2023 жылы 57,5 млрд теңгеге жетті – 98% өз қаражаты есебінен салынды;
- жекешелендірілетін ұйымдарды сатудан мемлекеттік бюджетке түскен түсімдер 578,8 млрд теңге болды;
- жекешелендірілген ұйымдардан салық түсімдері 2023 жылы 162 млрд теңгеден асты.
Жалпы жүргізілген талдау «Жекешелендірудің 2016-2020 жылдарға арналған кешенді жоспарының» орындалуы оң макроэкономикалық әсер бергенін көрсетеді. Мәселен, мемлекеттің экономикаға қатысу үлесі ЖІӨ-ге қатысты 18,3%-дан 14,6%-ға дейін төмендеді. Сонымен қатар жекешелендірілген ұйымдар қызметінің бейіні мен жұмысшылардың штат санын сақтау қамтамасыз етілді, – делінген хабарламада.