Елімізде доллар бағамы бірнеше рет өсті
Валюта нарығындағы жағдай туралы ҚРҰБ төрағасының орынбасары Әлия Молдабекованың түсіндірмесі жарияланды, деп хабарлайды Halyq Uni.
«Қазіргі уақытта біз жаһандық қаржы нарықтары тым қатты құбылып тұрғанын байқап отырмыз. Бұған, әлбетте, АҚШ-тағы президент сайлауының нәтижесі айтарлықтай ықпал етті. Д.Трамптың жеңісі АҚШ долларын күшейтіп, дамушы елдердің валюталары, соның ішінде теңге де әлсіреді. Негізгі әлемдік валюталарға шаққандағы доллар бағамын көрсететін DXY индексі қыркүйек айының соңында 100,8 тармақта төмен мәнге жеткеннен кейін 5%-ға дейін нығайып, 105,5 тармаққа дейін өсті. ЕМ валюталарының индексі қыркүйек айының соңынан 4,2%-ға төмендеді (11 қарашадағы жағдай бойынша)», – деді ол.
Оның үстіне, мұнай котировкалары да қалыпты түрде төмендеп, 1 баррелі 74-75 АҚШ долларынан 71,83 АҚШ долларына дейін түсті (2024 жылғы 11 қарашадағы жағдай бойынша). Себебі әлеуетті сауда баждары мен Д.Трамптың президенттік кезеңінде АҚШ-тан көптеп мұнай жеткізудің өзі шамадан тыс артық ұсынысқа әкеледі деген экономистердің болжамы әсер етті. Оның үстіне, қуатты доллар – қашанда шикізат тауарлары үшін негативті фактор саналады, – деп қосты маман.
Молдабекованың айтуынша, сыртқы нарықтардағы құбылмалы жағдай валюта нарығына қатысушылардың қимыл-әрекетіне де әсер етеді. Шетел валютасына ұсыныс айтарлықтай төмендеп, оған деген сұраныстың бір мезгілде өскенін байқалып отыр. Бұл өз кезегінде теңге бағамының әлсіреуіне ықпал етеді. 2024 жылғы қарашаның басынан бері ұлттық валютаның биржалық сауда-саттықтағы бағамы 1,4%-ға әлсіреп, 1 АҚШ доллары үшін 495 теңгеге жетті.
«Өкінішке қарай, спекулятивтік сипаттағы мәмілелердің көбейгені де байқалып отыр. Бұл да айырбас бағамын тым құбылтып жібереді. Өтімділік жеткіліксіз жағдайда бұл – бағамның айтарлықтай ауытқуына әкелуі мүмкін. Біз бұған дейін мәлімдегеніміздей, Ұлттық банк ұлттық валюта бағамына тән өзгерістерге мән бере қоймайды. Өйткені мұның барлығы фундаменталды факторлармен дәйектелген. Алайда, соңғы күндердегі теңгенің құбылуына – тек қана фундаменталды факторлар ықпал етпей отырғанын айтуға мәжбүрміз. Осыған байланысты Ұлттық банк ұлттық валютаның құбылу шамасын – шамадан тыс деп бағалайды», – деп толықтырды ҚҰБ өкілі.
Ұлттық банк ішкі валюта нарығындағы жағдайды қадағалап отыр. Ағымдағы үрдістер, әсіресе, спекулятивті көңіл-күй сақталған жағдайда, әділ бағам қалыптастыруды қалпына келтіру үшін және ұлттық валюта бағамының күрт өзгеруіне жол бермеу үшін Ұлттық банк жедел әрекет етіп, валюталық интервенция жүргізуге дайын, – деп түйіндеді маман.
Қазақстанда доллар бағамы тағы көтерілді. Доллар 507 теңгеге дейін көтерілуі мүмкін – Қаржыгерлер қауымдастығы.